Қарбыздан уланған төрт адамнан тұратын отбасы көз жұмды

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
136

Мумбайда қарбыз жегеннен кейін бір отбасының төрт мүшесі қаза тапқан қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Кейін қарбыз құрамынан егеуқұйрық уы табылған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Басылым мәліметінше, Абдулла Докадия, оның жұбайы Насрин және жасөспірім қыздары Айша мен Зайнаб үйде қарбыз жегеннен кейін кенеттен өздерін жайсыз сезінген.

Зардап шеккендердің барлығы қатты құсу, іш өту, іштің ауыруы және бас айналу белгілерімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, оларды аман алып қалу мүмкін болмады.

Сот-медициналық сараптама марқұмдардың ағзасынан егеуқұйрық уының құрамында қолданылатын мырыш фосфидін анықтады. Улы заттың іздері бауыр, бүйрек және асқазан секілді түрлі ағзалардан табылған.

Үйдегі азық-түліктерді тексеру барысында родентицид тек қарбыз қалдықтарынан анықталған. Басқа жерлерден қауіпті заттың ізі табылмаған.

Тергеу бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр, соның ішінде қасақана улау дерегі де бар. Нұсқалардың біріне сәйкес, у қарбызға тұз арқылы жағылуы мүмкін. Қазіргі таңда тұз үлгілері сараптамаға жіберілген.

Құқық қорғау органдары жазатайым оқиға нұсқасын да жоққа шығармайды. Өйткені үйде кеміргіштер мәселесі болғандықтан, тұрғындар тұрмыста у қолдануы мүмкін екені айтылуда.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, тергеу аясында қазірдің өзінде 100-ден астам адамнан жауап алынған.

Дәрігерлердің айтуынша, мырыш фосфиді адам ағзасында фосфин атты улы газ бөледі. Бұл газ жасушаларды бұзып, өмірлік маңызды ағзалардың істен шығуына әкелуі мүмкін. Оған қарсы арнайы у қайтарғыш жоқ, емдеу тек қарқынды терапия арқылы жүргізіледі.

Дәрігерлердің хабарлауынша, алғаш болып тыныс алуы қиындаған кенже қыз көз жұмған. Кейін реанимациялық шараларға қарамастан, отбасының қалған мүшелері де қайтыс болған.

ЖАҢАЛЫҚТАР

«Қазгидромет» синоптиктері алдағы үш күнге арналған қысқаша ауа райы болжамын ұсынды, де...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырау облысында жол апаты салдарынан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали қаза тапт...