2025 жылы 900-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылады, деп хабарлайды madeniportal.kz...
Қарындасынан кешірім сұрап ән жазған: «Бауырым» әнінің шығу тарихы көпшілікті елжіретті (ВИДЕО)
видеодан алынған скрин
«Бауырым» әнінің авторы Аль Фараби Бекарысұлы туындының шығуына себеп болған отбасылық оқиғаны айтып берді. Оның сөзінше, ән ең кіші қарындасы Насихатпен болған түсініспеушіліктен кейін дүниеге келген, деп хабарлады MadeniPortal.kz
Өнер иесі отбасында төрт қыз бен бір ұл өскенін, ата-анасы өмірден ерте өткен соң ауылда қалып, қарындастарына төркін болуды таңдағанын айтты. Ең кіші қарындасы ата-анасынан сегіз жасында айырылған.
«Ең кішкентай қарындасым бар, Насихат деген. Өте зерделі, зерек, намысқой. Ата-анам кеткенде ол сегіз жаста еді. Өз жүгін өзі сүйреген. Содан ерте жасынан қызға тән нәзіктіктің орнына ер мінезі басымырақ түсті», – деді ол.
Алайда кейін аға мен қарындастың арасында түсініспеушілік туындап, Насихат оны әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған. Біраз уақыт екеуі сөйлеспей жүрген. Алты айдан кейін үлкен әпкесінен қарындасының өзін сағынып жүргенін естіген Аль Фараби Бекарысұлы бірінші болып қадам жасауға шешім қабылдаған.
«Ата-анамыз енді бізді қайтадан тумайтынын түсініп, өзім қадам жасауға тырыстым. Қыз бала ғой деп, одан кешірім сұрап жазған әнімді шығардым», – дейді ән авторы.
Дайын болған әнді үлкен әпкесі арқылы қарындасына жібергенімен, алғашқыда одан жауап болмаған. Алайда арада біраз уақыт өткенде Насихат ағасының үйіне тосыннан келген.
«Бір күні тосын сый болып, "ағау" деп үйге кіріп келді. Енді ол туралы айтсам, көңілім босайын деп тұр», – деді Аль Фараби Бекарысұлы.
Осылайша көпшілікке жол тартқан «Бауырым» әнінің негізінде автордың туған қарындасымен арадағы сағыныш пен бауырмалдыққа толы оқиға жатқан.