Атырау қаласында ата-аналар «Сармат» мамандандырылған әскери мектебінде оқушыларға қатыс...
«Тістерімді сындырып, шашымды қиып тастады»: Ақтауда екі баланың анасы күйеуінен зәбір көрген
ашық дереккөз
Ақтауда отбасылық жанжал кезінде күйеуінен соққы көрген әйел полицияға жүгінді. Жәбірленушінің сөзінше, ер адам оның бірнеше тісін сындырып, шашын қиып тастаған. Оқиға екі баланың көзінше болған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал ер адамның үйге мас күйде келуінен кейін басталған. Әйелі одан пәтерақы мәселесін сұраған. Алайда тұрмыстық мәселеге қатысты әңгіме ұрыс-керіске ұласып, ер адам әйеліне күш қолданған.
Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі оны аяусыз ұрып-соғып, тістерін сындырған. Мұнымен шектелмей, шашын да қиып тастаған. Сол сәтте үйде ерлі-зайыптының екі баласы болған.
Әйел оқиғадан кейін физикалық жарақатпен қатар, психологиялық күйзеліске ұшырағанын жеткізген. Оның сөзінше, қазір ұйқысы бұзылған, ал тістерінің сынуына байланысты дұрыс сөйлеп, тамақ ішуге қиналады.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Күдікті ер адам қабылдап-тарату орнына орналастырылған.
Тексеру барысында ерлі-зайыптының Өзбекстан азаматтары екені және жеке басын куәландыратын құжаттары болмағаны анықталған.
Сонымен қатар полиция әйелге Қазақстан аумағында заңсыз жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырған. Қазір оның құқықтық мәртебесі мен оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.
Жәбірленуші сот-медициналық сараптамадан өтпек. Сараптама қорытындысы денсаулығына келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Күдіктінің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып есептелмейді.
![]()