Қытайда Хуанхэ өзенінің үстінен салынған теміржол көпірінде күтпеген жағдай орын алды, деп хабарлайд...
Қазақстан экономикасы әлемде 47-орынға көтеріледі – Президент
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикалық әлеуеті әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды. Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі», – деді Президент.
Тоқаев өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқанын, ал алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан жоғары екенін атап өтті.
Президент Үкіметке ауқымды Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Жоспар аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Президенттің мәлімдеуінше, бұл жұмыстарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталады.
Сонымен қатар биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.