Рудныйда үш жасар бала 10 магнит жұтып қойған. Ол Қостанай облыстық балалар ауруханасына жеткізілген...
Қазақстанда кей отбасыларға бала туу жәрдемақысы берілмеуі мүмкін
ЖИ көмегімен жасалынған
Қазақстанда ауқатты азаматтарға бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының нақты мұқтаждығы ескерілмек. Жаңа тәсіл 14 түрлі әлеуметтік төлемге қатысты болады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде мемлекеттік жәрдемақының 39 түрі тағайындалады. Жаңа тәсіл бойынша олардың 14-ін беру кезінде азаматтың немесе отбасының әлеуметтік жағдайы мен нақты мұқтаждығы есепке алынбақ.
Бұл тізімге:
бала тууына байланысты жәрдемақы;
бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлем;
марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы (зейнеткерлерден басқа);
көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға төлем;
I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаға төлем;
жерлеуге берілетін төлем;
мүгедектігі бойынша жәрдемақы (I, II топтағы адамдар мен балалардан басқа);
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем (тұл жетімдерден басқа);
Тәжік-Ауған учаскесінде, Иракта және Таулы Қарабақта жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге төлем;
қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына төлем;
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағына ие адамдарға төлем;
«Халық Қаһарманы» атағына ие азаматтарға төлем;
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие адамдарға төлем (зейнеткерлерден басқа) кіреді.
Министрлік түсіндіргендей, өзгеріс барлық жәрдемақы алушыларға бірдей қолданылмайды. Ол Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп саналатын «А» және «В» санатындағы отбасыларға қатысты болмақ.
Сонымен қатар бұл азаматтардың барлық төлемнен автоматты түрде айырылатынын білдірмейді. Әр жәрдемақы оны тағайындау негізіне қарай жеке қарастырылады.
Мәселен, I топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып жүрсе, бұл төлем сақталады. Алайда сол азаматта бала тууына байланысты басқа төлем алу құқығы пайда болса, жаңа жәрдемақыны тағайындау кезінде оның мұқтаждық деңгейі ескеріледі.
Министрліктің мәлімдеуінше, өзгерістің негізгі мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік көмекті барынша атаулы ету және бюджет қаражатын қолдауға шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау.