Қазақстанда мұғалімдердің біліктілік санаты төмендетіледі: кімдерге қатысты екені айтылды

ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
140

Қазақстанда педагогтердің білімін бағалау (ПББ) кезінде белгіленген талаптарды бұзған мұғалімдерге қатаң шара қолданылады. Олардың біліктілік санаты бір жыл мерзімге бір сатыға төмендетіліп, аттестаттаудың пилоттық жобасына қатысу құқығы шектеледі, деп хабарлайды MadeniPortal.kz

Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының департамент директоры Гүлден Мұхамбетжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, тестілеу кезінде тәртіп бұзған педагогке қатысты арнайы акт толтырылады. Соның негізінде қолданыстағы біліктілік санатын бір жылға бір сатыға төмендету шарасы қарастырылған.

Сондай-ақ 2025–2026 оқу жылында ПББ өткізу талаптарын бұзған мұғалімдер аттестаттаудың пилоттық жобасына қатыса алмайды.

Ұлттық тестілеу орталығының ресми ережесіне сәйкес, педагогтерге тестілеу кезінде басқа қатысушылармен сөйлесуге, орын ауыстыруға, тапсырмаларды талқылауға және жауап алмасуға тыйым салынады.

Бұдан бөлек, аудиторияға ұялы телефон, смарт сағат, құлаққап, планшет, шпаргалка және өзге де рұқсат етілмеген құралдарды алып кіруге болмайды.

Педагогтерге аудиториядан кезекшінің рұқсатынсыз шығуға да тыйым салынған. Денсаулық жағдайына байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, аудиториядан бір рет қана, 10 минуттан аспайтын уақытқа шығуға рұқсат беріледі. Ал тестілеудің алғашқы және соңғы 15 минутында шығуға болмайды.

Егер тәртіп бұзу фактісі анықталса, тиісті акт жасалып, педагог аудиториядан шығарылады. Оның тест нәтижесі жойылады.

Ереже бұзушылық тестілеу аяқталғаннан кейін бейнебақылау жазбаларын тексеру барысында анықталса да, осындай шара қолданылады.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ПББ талаптарын алғаш рет бұзған педагог бір жылға аттестаттаудан шеттетіледі. Ал тәртіп бұзу қайталанса, педагогтер мен бірқатар білім беру ұйымдарының қызметкерлері бес жылға дейін аттестаттауға жіберілмеуі мүмкін.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін бірқатар ба...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлытау облысы 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында құрылыс жұмысының өсу қарқыны бойынша Қазақ...