Астанада 4 ақпан күні таңертең қар тазалау жұмысына 1 600-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қалан...
ҚазҰУ студентінің өлімінен кейін проректор мен декан қызметінен босатылды
ҚазҰУ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылды. Олардың қатарында проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы бар, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Университет әкімшілігінің мәліметінше, қайғылы оқиғадан кейін шұғыл шаралар қабылданған. Студенттермен тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде кемшіліктер жіберілгені айтылды. Осыған байланысты басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған.
Сонымен қатар оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Қайғылы жағдайдан кейін университеттің барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар енгізілген. Сондай-ақ кәсіби психологиялық көмек көрсету жұмыстары қолға алынған.
Университет басшылығы марқұмның отбасымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Студенттің өліміне қатысты күдікті ұсталды
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қаза тапқаны белгілі болды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл – соңғы он күн ішінде университетте тіркелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін, 6 қарашада, журналистика факультетінің бірінші курс студенті қыздың қаза тапқаны хабарланған болатын. Аталған дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған.