1 қыркүйекте Таразда қайғылы оқиға болды — 14 жастағы мектеп оқушысы төбелес кезінде қаза тапт...
Қазақстанда заң талаптарына сай келмейтін оқу орындары жабылып жатыр
Дереккөз
Қазақстанда заң талаптарына сай келмейтін оқу орындарына қарсы күрес күшейіп жатыр. Билік талаптарға жауап бермейтін жоғары оқу орындарын жаппай жабуда. Бұл туралы үкіметтегі брифингте Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Министрдің айтуынша, бұл процесс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді және соңғы уақытта қарқыны артқан.
«Ақтөбеде Қазақстан-Ресей университеті жабылды, студенттер басқа ЖОО-ларға ауыстырылды. Атырауда да бір университет жабылды. Қазір Шымкенттегі оқу орны бойынша сот процесі жүріп жатыр», – деді ол.
Осы тұста қоғамда Qamalladin University қызметі қызу талқылануда.
Жарнамаларда талапкерлерге небәрі 2 жылда бакалавр дәрежесін алу, қысқа (15–20 минуттық) сабақтар және екі диплом (соның ішінде швейцариялық) ұсынылатыны айтылған.
Алайда бұл ұйым Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінен лицензия алмаған және аккредитациядан өтпеген.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда жоғары білім беру үшін лицензия, аккредитация, материалдық база, білікті оқытушылар және кемінде 240 академиялық кредит талап етіледі.
«Бұл ұйым өзін университет деп атай алады, бірақ заң тұрғысынан толыққанды білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды», – деді Саясат Нұрбек.
Ол сондай-ақ «еуропалық диплом» туралы уәделер ұйым қызметін заңды етпейтінін атап өтті.
Министрдің түсіндіруінше, мәселе бейресми білім беру саласының лицензияланбауында. Сондықтан мұндай ұйымдарға атауын өзгерту туралы талап қою мүмкін емес.
«Қазіргі таңда бұл бағытта біздің өкілеттігіміз шектеулі», – деді ол.
Министрдің сөзінше, егер Qamalladin University ресми ЖОО ретінде жұмыс істегісі келсе, міндетті түрде лицензия алып, барлық талаптарға сай болуы тиіс.