Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық патологоанатомиялық бюросының қызметкерлері марқұмның денесін...
Қазақстандық “Saltanat Diamond Gallery” зергерлік бренді Канн кинофестивалінде және Vogue журналында танымалдыққа ие болды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстандық әшекейлер Канн фестивалінде сән әлемін баурап алды, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Лазурлы жағалауда өтіп жатқан 78-ші Канн кинофестивалінде әлемдік жұлдыздар мен қонақтардың көркем бейнелері арасында Қазақстанда жасалған әшекей бұйымдарды да байқауға болады. Бұл аксессуарлар фестивальге қатысушылардың бірнешеуінің стилін толықтырып, танымал актрисалар мен инфлюенсерлердің сәнді киімдеріне көрік қосты.
Солардың бірі – кәсіпкер әрі инфлюенсер Фархана Боди. Ол Atelier Zuhra сән үйінің көз тартар ансамблімен үйлескен қазақстандық зергерлік бұйымдармен көзге түсті. Кейінірек дәл осы әшекейлермен Боди Vanity Fair журналы ұйымдастырған ресми қабылдауға да қатысты. Қызыл кілемдегі оның бейнесі сән саласындағы беделді басылымдарда жарияланып, Harper’s Bazaar Kazakhstan оны 2025 жылғы Канн фестивалінің ең әсерлі образдарының қатарына қосты.

Британдық актриса Ханна Уэддингем, көрермендерге «Тед Лассо» және «Мұрагерлер» сериалдары арқылы таныс, «Миссия: Мүмкін емес. Соңғы есеп» фильмінің премьерасына қазақстандық шеберлер жасаған Saltanat Diamond Gallery зергерлік бұйымдарымен шықты. Оның сырға, жүзік, білезік пен алқадан тұратын образы көрермен ғана емес, сән басылымдарының да назарын аударды — әсіресе, Vanity Fair Italia таңдаулы бейнелер қатарына қосып, халықаралық баспасөзде жоғары бағаланды.

Saltanat Diamond Gallery ұсынған бұл әшекейлер бұған дейін де халықаралық деңгейде таныстырылған болатын. Атап айтқанда, олар Парижде жоғары сән мен зергерлік өнер апталығы аясында өткен Precious Room by Muriel Piaser кәсіби көрмесінде ұсынылды. Бұл шарада саланың танымал өкілдері мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас дизайнерлік үйлер бас қосты. Дәл осы көрмеде қазақстандық бұйымдар Голливудта бірқатар жұлдыздардың сәнін жасақтаған стилист Сара Слудскидің назарын аударған.
Айта кетейік, Saltanat Diamond Gallery – Қазақстанда және шетелде жұмыс істейтін зергерлік компания. Оның бұйымдарындағы басты ерекшелік – қазақы ою-өрнек пен дәстүрлі символиканы заманауи дизайнмен ұштастыруы. «Ұлытау», «Дала қызы», «Махаббат» сияқты бірнеше топтамасы ұрпақ сабақтастығы мен этномәдени мұра тақырыптарына арналған.
«Saltanat әшекейлерін жасау – архивтерді ақтару, кітапханалар мен көне ою-өрнектерді зерттеу, шеберлермен кеңесу арқылы атқарылатын ұқыпты жұмыс. Біздің дизайнерлер тек эскиз сызумен шектелмей, ұмыт қалған пішіндер мен таңбаларды қайта тірілтуге күш салады», – дейді зергерлік үйдің өкілдері.