Президент Жолдауында АЭС құрылысына қатысты референдумның 6 қазан күні өтетіні белгілі болды. Журнал...
Құран сүрелерін үйрететін қуыршақ ойлап шығарылды
Алматылық кәсіпкер құран сүрелерін айтатын қуыршақ ойлап шығарды. "Фатима" есімді ойыншық бүлдіршіндерге Алланың 99 есімін жаттады. Әрі әрбір мұсылман білуі тиіс басты сауалдардың жауабын үйретеді екен. Елімізде аналогы жоқ ойыншықтарға қазірдің өзінде сұраныс көп көрінеді. Сондықтан оларды шетелге де сатылымға шығару жоспарлануда деп жазады zakon.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.
Фатима атты сұлулығы көз тартар бұл қуыршақтар кішкене қыздарға әр мұсылман білуі тиіс пайдалы білім береді. Бүлдіршіндер ойыншықпен танысқасын онымен бірге қайталап, қысқа сүрелерді емін-еркін жаттап алады. Әрі, Алланың 99 көркем есімін үйренеді. Сонымен қатар Фатиманың тағы бір ерекшелігі - ол Аллаға мадақ сөздерді айтып мағынасын түсіндіреді. Елімізде аналогы жоқ бұл ойыншықтарды Алматылық кәсіпкер ойлап тауыпты.
Елімізде қуыршақ өндіретін зауыт болмағандықтан, кәсіпкер Фатиманың өзін Ресейде тапсырыспен жасатады екен. Сондықтан Қытайдың арзанқол тауарындай емес, ойыншықтың сапасы өте жоғары. Пластмасса мен бөлшектерінің бөбектерге еш зияны жоқ. Тіпті тиісті сертификатын да алған. Ал дайын қуыршақ елімізге жеткесін оны қазақша сөйлету мен құран сүрелерін айтқызу және киім үлгісін әзірлеу отандық шеберлерге жүктелген.
Зауыттан жеткізілгесін мұндағы дизайнерлер әр қуыршақтың образын ойлап табады. Яғни, қуыршақтардың киімдері бір-біріне ұқсамайды. Көздің жауын аларлық көйлектер тек бір данамен тігіліп, ешқашан қайталанбайды.
Қуыршақтардың киімдері үшін де, сапалы маталар қолданылады. Қасиетті сөздер жазылған қуыршақтар, баланы қорғап иман тұрғысынан тәлім береді екен. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы арнайы сараптама жасап, қуыршақтарды сатылымға шығаруға рұқсат етіпті. Шариғатқа қайшылығы жоқ ойыншықты әр жастағы баланың ойнауына рұқсат бар. Тек, құран аяттар жазылғандықтан қуыршақ аяқ асты болмау керек.
Құран сүрелерін айтатын қуыршақтардың нарыққа шыққанына жарты жылға жуықтаған. Соның өзінде Фатимаға сұраныс көп екен. Кәсіпкер ойыншықтың 1 мың данасын сатып үлгеріпті. Тіпті, шетелдегі қандастарымыз да зор қызығушылықпен алып жатқан көрінеді. Енді алдағы уақытта ерекше ойыншықтың орыс тілінде сөйлейтін түрлері мен Әли атты ұл қуыршақ жасалмақшы.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев