Абзал Құспан. Ислам Әбішев сотта өзіне жала жапқан шенділердің атын атап, түсін түстеп береді

Жаңалықтар
2779

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, тергеу изоляторында отырған Ислам Әбішевтің ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған И. Әбішевтің адвокаты, белгілі заңгер, қоғам белсендісі Абзал Құспан, сондай-ақ, Ислам Әбішевпен бірге тұтқындалған Дүниежүзі қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Төкеевтің қорғаушысы Ерлан Мәкенов қатысып, журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Баспасөз мәслихаты барысында Ислам Әбішевтің ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде жасаған жұмыстары туралы толық ақпарат беретін бейнеролик көрсетілді. Онда шенеуніктің 2013 жылы Астана су қоймасының реконструкциясына бөлінген 31 млрд. теңгенің 29 млрд. теңгесі артық екенін дәлелдеп, барлық жұмысты 2 млрд. теңгеге жасатқаны туралы деректер келтірілген. Осыдан кейін 2013 жылдың шілде айында жоғары лауазымды шенеуніктер Ислам Әбішевті қызметінен аластатқан. Алайда бұл іске 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі араласып, И. Әбішевтің қайтадан бұрынғы қызметіне қойған. Ол қызметке кірісе салысымен, өзі болмаған 9 ай ішінде 1,5 трлн. теңгеге жасалған бағдарламаны қайта тексеріп, бұл қаржының  1 трлн.-ы артық екенін тағы да дәлелдеп шығарды.


Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, Ислам Әбішевтің осы атқарған жұмыстары өзінен жоғарыда отырған шенеуніктерге жақпағандықтан, оған жазықсыз жала жабылып, бүгінгі күнде тергеу изоляторында отыр.

«Бұған дейін «Әбішев осы қызметінде болған кезде 300 млрд. теңге, одан кейін 1 трлн. теңге ақшаны үнемдеді» деген әңгіме айтылып келе жатыр. Шын мәнінде, үнемделген жоқ. Ол ұрлауға жол бермеді. Өйткені оның барлығы жобалық сметалық құжаттарда дайындалып, енді бөлінуге дайын тұрған, сөйтіп жоғары лауазымды шенеуніктердің қалтасына түсейін деп тұрған ақша еді. Ал Ислам Әбішев келді де, олардың құйтырқы жоспарларын жоқ қылып, қаражатты мемлекет бюджетіне қайтарып жіберді. Бұлардың кім екенін Ислам Әбішев өзі жақсы біледі және сотта олардың аты-жөндерін атап, лауазымдарын көрсетіп, барлығын фактімен дәлелдеп беруге бекініп отыр. Өйткені оның қорқатын ештеңесі жоқ, ары таза, ешкімнен ақша алған жоқ, ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан, жемқорлықпен соңына дейін күресуге бел байлады», - деп атап өтті А. Құспан.

Сонымен қатар, Абзал Құспан Ислам Әбішевке қатысты тергеу ісімен танысқанын, бірақ бір де бір нақты айғақ табылмағанын, жазықсыз жала жабылып отырғанын жеткізді.

Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы 63 жастағы Ислам Әбішев және Дүниежүзілік қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Түкеев 2019 жылы 14 наурыздан бері тергеу изоляторында қамауда отыр.

Жемқорлықпен күрес қызметі сол уақытта Ислам Әбішев пен оның «ықтимал сыбайласына» қатысты тергеу басталғанын хабарлап, олардың «еншілес компаниядан 60 миллион теңге көлемінде пара алды» деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.

Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспановтың айтуынша, су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына «пара алуға оқталу» бабы бойынша айып тағылған. Құспанов сөзінше, іс материалдарымен танысқан адвокаттар «стнеограммадан Әбішевтің белгілі бір қаражатты алмақ болғаны немесе алуға келіскені жайлы бірде-бір сөз таба алмаған».

Адвокат осы мәселеге нақты назар аударуды сұрады. Өйткені ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлтттық бюро қызметкерлері күдіктіні ұстаған кезде «пара алды» деген желеумен әрекет еткен. Ал күдіктінің үстінен жүргізілген қылмыстық істе  «пара алуға оқталу» бабы бойынша айып тағылған.

Адвокаттардың сөзінше, жемқорлықпен күрес қызметі жақын арада қылмыстық істі сотқа жібермек.

Сонымен қатар, адвокат Құспанов Ислам Әбішевке ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлтттық бюро тергеушілері  жоғары лауазымды шенеуніктер – Өмірзақ Шүкеев, Асылжан Мамытбеков, Бердібек Сапарбаевтардың үстінен арыз айтса, тұтқыннан босатылатынын  айтқанын мәлімдеді.  Ислам Әбішевпен бірге тұтқындалған Дүниежүзі қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Төкеевтің қорғаушысы адвокат Ерлан Мәкенов те дәл осындай ұсыныс Серік Төкеевке де жасалғанын, егер ол Ислам Әбішевтің үстінен шағымданса, тұтқыннан босатылатынын айтқанын жеткізді.

Осы екі адвокат келтірген екі арандатушылық «ұсынысқа»  байланысты «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын Қазыбек Иса: «Біз жаңа видеодан көргеніміздей және адвокаттардың дәлелді сөздерінен білгеніміздей, Ислам Әбішевтің ешқандай да пара алмағаны дәлелденіп отыр. Бұл тергеушілердің ісі 37-ші жылдардағы «Адам болса болды, айыптайтын жаза табылады» деген сөзін еске түсіреді. Ислам Әбішевтің жазықсыз екенін  оған тергеушілердің жоғарыдағы аттары аталған шенеуніктерге жала жапсаңыз, түрмеден босатамыз деген ұсыныстары да айқындап отыр. Бұл «Ислам Әбішев ісі» кешегі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай: «Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!» – деген ауыр айыптауына нақты дәлел болып тұрған жоқ па? – деген сұрақ қойды. 

Бұған Абзал Құспан: «Бұл Ислам Әбішев ісі Президент Жолдауында  айыптағандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының заңсыз арандатушылық іс-әрекеттеріне нақты дәлел бола алады. Себебі, Президент бұл жерде басқа құқық қорғау органдарын айтқан жоқ, дәл осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросын нақты атады» деп жауап берді.

Зиялы қауымның атынан Алматыдан келіп отырған әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков Ислам Әбішевті алдында  300 миллиард теңге үнемдегені үшін негізсіз қудалаумен жұмыстан шығарылған кезінде Елбасымыздың өзі араласып, қайта жұмысқа шақырып алғанын және Нұрсұлтан Назарбевтың  «Су мәселесінде мен тек Ислам Әбішевке ғана сенемін» деген сөзін мысалға келтірді.  

«Халықтың триллиондарын үнемдегені үшін Кеңес одағы кезі болса, «Социалистік Еңбек Ері» атағын беретін еді. Ал біз түрмеге қамаймыз. Баяғы 37-жылдар келгендей, кеше түн жарымда Ислам Әбішевтің бүкіл туыстарының үйіне тінту жүргізді. Төрт рет инфаркт алса да, қауіпті  террорист секілді үйқамаққа да шығарған жоқ. Талай рет миллион доллар алып жатып ұсталғандарды түрмеге де түсірмей ақтап жіберіп жатыр. Мен осы Ислам Әбішевтің ісі үшін Тұңғыш Президентке де, қазіргі Президентке де кірейін деп отырмын. Ертең 29 қарашада Швецияға, Стокгольмге кітабым шығуына байланысты бара жатырмын. Ол жерде де халықаралық құқықтық қауымдастықтар алдында бұл мәселені  көтереміз. Не үшін олай қорлап отыр абзал азаматты? Бұлардың бар мақсаты Ислам Әбішевтің рухын сындырып, істемеген ісін мойындату, егер оған  көнбесе, абақтыда  өліп қапты дегенге жеткізбек пе?» - деп, жазушы ашық наразылығын білдірді.

Айта кетейік, Ислам Әбішев белгілі журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбединоваға триллиондарды қалай үнемдегені туралы нақты дәлелдермен келтіріп, сұхбат берген болатын.  


madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...