Мәдениеттанушы Зира Наурызбай: Келісімсіз некеге тұру ауыр қылмыс болған

Фото: adebiportal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
185

Қызды алып қашу қазақ дәстүріне жатпайды. Бұл түсінік кеңес дәуірінде қалыптасып, кейін қате түрде «ұлттық салт» ретінде қоғамда орныққан. Бұл туралы жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбай мәлім етті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында неке екі әулеттің келісіміне негізделген әлеуметтік институт болып, қыздың және ата-анасының келісімінсіз некеге тұрғызу ауыр қылмыс саналған. Мұндай әрекет тек жеке адамның ғана емес, бүкіл руға жасалған қорлық ретінде қабылданып, қатаң жаза қолданылған.

Келісімсіз некеге тұру дәстүрлі қазақ қоғамында ауыр қылмыс болған. Мұндай жағдайлар тарихта кездескенімен, қызды өз еркімен алып кеткен жігіттер де әрдайым қатаң жазаланған. Мысалы, Естай Қорланды алып қашқанда немесе Маңғыстауда әнші әрі қолөнер шебері Қайып Қорабайұлы Ақбөбек басқаға айттырылған қыздың өз еркімен алып қашқанда да оны өлімші етіп сабады. Егер қыз айттырылмаған, бірақ екі жақ үйленуге келісе қалса, мәселе көбіне қалыңмал мен айып төлеу арқылы шешілген. Ал айттырылған қызды алып қашу бір рудың емес, үш рудың арасындағы қақтығысқа ұласып, дау күрделенген, — деді сарапшы.

Мәдениеттанушының айтуынша, «қыз алып қашу» ұғымының кең таралуы кеңес билігінің дәстүрлі неке рәсімдеріне, соның ішінде қалыңмалға тыйым салуы салдарынан болған. Бұл қоғамда бейресми, мәжбүрлі тәжірибелердің пайда болуына жол ашты. 

Сол кезеңде «жастар өз еркімен қашып кетті» деген уәж жауапкершіліктен жалтарудың амалына айналды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында да сол дәуірдің шындығы көрініс тапқан: түрлі әскери жасақтар, кейін кеңестік милиция мен шолақ белсенділер ауылдарға басып кіріп, қыз-келіншектерге зорлық көрсеткен. Уақыт өте келе бұл құбылыстар тарихи контекстен ажыратылып, қате түрде «ұлттық дәстүр» ретінде қабылдана бастады, — деді Зира Наурызбай.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дәстүрді жаңғырту процесіне көбіне 1930 жылдардан кейін туған, ашаршылық пен ұжымдастырудан кейінгі буын араласты. Олар дәстүрлі қазақ қоғамын өз көзімен көрмеген, этнографиялық білімді көбіне кеңес кезіндегі оқулықтар мен идеологиялық еңбектер арқылы алған. Сол себепті, тарихи шындық пен кеңестік бейнелер араласып, қате түсінік қалыптасты.

Сарапшы кеңес идеологиясының әсерін де атап өтті. Сол кезеңде қазақ қоғамы «артта қалған», «жабайы», «әйел құқығын аяққа таптаған» орта ретінде сипатталған, әйелді ұрлау тақырыбы әдебиетте, кинода және ғылыми еңбектерде әсіреленіп көрсетілген. Кеңестік сипаттамалар кейін «ұлттық дәстүр» ретінде қайта ұсынылды, бірақ шын мәнінде, 1920–30 жылдары пайда болған зорлық-зомбылық дәстүрге жатпайды.

Зира Наурызбай бұл құбылыстың тек қазақ қоғамына ғана тән еместігін де атап өтті. 1917 жылғы төңкерістен кейін Ресей мен басқа өңірлерде де әлеуметтік күйзеліс салдарынан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық күшейген, бірақ ол орыс халқының «ұлттық дәстүрі» ретінде қабылданбаған.

Қыз алып қашуды дәстүр деп ақтау — тарихты бұрмалау және зорлық-зомбылықты ақтау. Сондай-ақ дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей, бұл мәселе 21 ғасырдың деңгейінде қоғамдық жауапкершілік тұрғысынан бағалануы керек, — деп түйіндеді сарапшы. 

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашу — ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс екенін айтқан еді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ольшанка ауылында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер б...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкенттегі техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде көлік мінген әйел адам ер адамды қабырғ...