Бүгін FlyArystan қазақстандық лоуокстерінің Астанадан Гоаға бағытталған алғашқы чартерлік рейс орынд...
Ресейде тағы бір қазақстандықты 17 жылға соттады
Фото: gov.kz
Ресейде тағы бір қазақстандықты мемлекетке опасыздық жасады деп айыптап соттады. Бұл осы айда сотталған екінші қазақстандық, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ orda.kz-ке сілтеме жасап.
ТАСС басылымының мәліметіне қарасақ, ол бір террористік ұйымға көмектескен.
Осылайша екінші Батыс әскери округтік соты Ресей азаматтығын алған, 47 жастағы қазақстандық Пётр Горбуновқа үкім шығарды. Оған Ресей Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылды: 275-бап – «Мемлекетке опасыздық», 205.5-баптың 2-бөлігі – «Террористік ұйымның қызметіне қатысу» және 222.1-баптың 4-бөлігі – «Жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау».
Тергеу нұсқасына қарасақ, Горбунов террористік ұйыммен байланыс орнатып, олардың тапсырмасы бойынша орман ішіндегі жасырын жерден жарылғыш затты алып, оны үйінде сақтаған. Кейін ол жарылғышты ұйым мүшелеріне тапсыруы тиіс болған.
«Екінші Батыс әскери округтік сотының үкімімен ол тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 600 мың рубль көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады ТАСС Белгород облысы бойынша ФСБ басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қай террористік ұйым туралы айтылып отырғаны мақалада нақты көрсетілмеген. Алайда бұған дейін, маусым айында, ресейлік сот Қазақстан азаматы Тұран Устюговты да терроризм бабымен айыптап, соттаған еді. Ол украиналық «Азов» бригадасы мен «Орыс еріктілер корпусы» өкілдерімен жазысқан хаттары үшін жауапқа тартылған.
Ресейдің террористер мен экстремистер тізіміндегі деректерге сүйенсек, Пётр Горбунов 1977 жылдың 11 шілдесінде Ақмола облысындағы Шортанды кентінде туған. Оның аты бұл тізімге 2025 жылдың 13 ақпанында енгізілген.
Осылайша, Горбунов осы бір айда Ресейде мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталып сотталған екінші қазақстандық. Маусым айының соңында дәл осы сот Теміртауда туған Надежда Россинскаяны(лақап аты – Надин Гейслер) 22 жылға бас бостандығынан айырған болатын.