Бұрынғы Ақтау әкімінің орынбасары Тимур Сәдуақасовқа іздеу жарияланып, оның орналасқан жері туралы а...
Шаңнан шедевр жасаған көлік жүргізушісінің кім екені белгілі болды
коллаж Мadeniportal.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Аслан Жазықов әлеуметтік желіде ерекше шеберлігімен көптің ықыласына бөленді, деп хабарлады Мadeniportal.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Аслан Жазықовтың “Sandero” көлігінің әйнегіне Тәуелсіздікке бастар жолда ерлігімен танылған Желтоқсан қаһармандары — Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және Ербол Сыпатаевтың бейнелерін түсіргені көптің назарын аудартты. Бұл жұмысты жасаған Аслан Жазықов өзін кәсіби суретші санамайды: көңілі соққанда көліктің әйнегіндегі шаңды «кенепке» айналдырып, сурет салады. Бұл жолы оған 14 желтоқсанда дәл Желтоқсан батырларын бейнелеу ойы келген. Содан бері тұрғындар көліктегі суретті фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде кеңінен тарата бастаған.
— Аязды Желтоқсан күндері алаңға шыққан жастар бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалады. Мен бұл еңбекті соларға құрмет белгісі ретінде арнадым. Көшеде не әлеуметтік желіде осы бейнелерді көрген жас “бұлар кім?” деп қызығып, ізденеді. Сол арқылы өткенге үңіліп, Тәуелсіздіктің тарихын түсіне бастайды. Иә, әркім Тәуелсіздіктің бағасын өз санасына қарай ұғынады. Сондықтан мектептерде, колледждерде, университеттерде Желтоқсан қаһармандарына арналған тәрбие сағаттары жиірек ұйымдастырылуы керек, — дейді Аслан.
Аслан үшін Тәуелсіздік — ең алдымен еркіндік ұғымы.
— Егемен елім бар, Туым бар, Президентім бар. Ешкімге тәуелді емеспіз. Елге қызмет етемін деген адамға жағдай жасалған, — деп сеніммен айтады.
Аслан Жазықов — Теңдік ауылындағы Қайырғали Смағұлов атындағы мектептің түлегі. Отбасылы, үш баланың әкесі. Қазіргі таңда Водник ауылында тұрады. Бұл — оның әйнекке салған алғашқы еңбегі емес: бұған дейін де белгілі спортшылардың портреттерін осы тәсілмен бейнелеген. Әр туындысынан елге, ерлікке деген шынайы ілтипат сезіледі.
Көліктегі “Желтоқсан желі ызғарлы” деген жазу арқылы автор ел тарихындағы тағдырлы кезеңді естен шығармауға үндейді.