Ош облысының Ноокат ауданында төрт ай бұрын күмәнді жағдайда көз жұмған 21 жастағы Айжаныл Аликараев...
Ресейде ұшақты басып алу қаупі: Қазақстанда туған ер адам ұсталды
ЖИ
Ресейдің Волгоград қаласында Мәскеуге бағыт алған жолаушылар ұшағын басып аламын деп қорқытқан 42 жастағы ер адам ұсталды. Ресейлік БАҚ мәліметінше, күдікті Қазақстанда туған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға Волгоград әуежайында «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағы Мәскеуге ұшар алдында болған. Airbus A320 ұшағының бортында шамамен 150 жолаушы отырған.
Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волктің айтуынша, полицияға ұшақты басып алу қаупі туралы хабарлама түскен. Құқық қорғау қызметкерлері дереу ұшақ бортына көтеріліп, Мәскеу облысының 42 жастағы тұрғынын ұстаған.
Ер адамның бойында масаңдық белгілері байқалған. Алайда ол медициналық тексеруден өтуден бас тартқан.
Оқиғадан кейін кинологтар ұшақты толық тексерген. Нәтижесінде қауіпті заттар мен жарылғыш құрылғылар табылмаған.
Сот ер адамды полицияның заңды талабына бағынбағаны және медициналық тексеруден бас тартқаны үшін алты тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Кейін күдіктіге қатысты Ресей Қылмыстық кодексінің 207-бабы 3-бөлігі бойынша «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің Көліктегі Батыс өңіраралық тергеу басқармасы хабарлады.
112 Telegram-арнасы мен ресейлік БАҚ мәліметінше, ұсталған ер адам Қазақстан тумасы. Сондай-ақ оның бұған дейін ұрлық және адам өлтіремін деп қорқыту деректері бойынша сотталғаны айтылды.
Алайда Ресей ІІМ күдіктінің Қазақстанда туғаны туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Оқиға салдарынан Мәскеуге бағыт алған ұшақтың рейсі екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілді.