Алматының Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 70 жастағы әйел бесінші қабаттан құла...
«Шақырсаңдар да бармаймыз»: ҚазҰУ-дың төрт ұстазы мәлімдеме жасады
farabi.university
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде бірнеше жыл еңбек еткен төрт оқытушының жұмыстан кетуіне қатысты дау шықты. Ақын, журналист, ғалым Темірғали Көпбай әлеуметтік желідегі жазбасында факультеттегі жағдайды сынға алып, әріптестерімен бірге оқу орнынан кеткенін мәлімдеді. Бұған ҚазҰУ басшылығы ресми түсініктеме берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Темірғали Көпбай жазбасын «Біріміз өлідей, төртеуіміз тірідей кеттік» деп атаған. Ол өмірден өткен ақын, публицист Бекжан Әшірбаевты еске алып, марқұмның кезінде «Журфактан кеткім келіп жүр» деген сөзін бірнеше рет естігенін жазды.
Автордың айтуынша, енді факультеттен профессор Кәкен Қамзин, Темірғали Көпбайдың өзі, ақын әрі әдебиеттанушы Мұрат Шаймаран және жазушы-сатирик Ермахан Шайхы кеткен.
Көпбай бұл жағдайды факультеттегі басқару мәселелерімен байланыстырады. Оның сөзінше, соңғы бес жылда журналистика факультетінде бес декан ауысқан. Оқытушы мұндай тұрақсыздық факультеттің академиялық және қоғамдық беделіне, журналистика ғылымы мен болашақ мамандарды даярлау ісіне кері әсер еткенін алға тартты.
«Бес жыл ішінде бес декан ауыстырылды. Бұл жағдай факультет дамуының перспективалық бағыттарын ілгерілетуге сөзсіз кесірін тигізді», – деп жазды Темірғали Көпбай.
Оның мәлімдеуінше, бір топ оқытушы бұған дейін факультет басшылығына кәсіби біліктілігі жоғары, мемлекеттік тілді жетік білетін әрі қоғам алдында беделі бар маман тағайындауды талап еткен. Алайда Көпбай осы мәселеге байланысты пікірін ашық білдірген ұстаздарға кейін қысым жасалғанын мәлімдеді.
Автор тіпті факультетте «қара тізім» жасалғанын және оған енген оқытушыларға сағат берілмегенін алға тартады. Бұл – Темірғали Көпбайдың мәлімдемесіндегі айыптау, университет өз жауабында мұндай «қара тізімнің» бар екенін растаған жоқ.
«Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ... Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз. Осымен сөз бітті! Біз журфактан кеттік!» – деп түйіндеді ол.
ҚазҰУ не дейді?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы төрт оқытушыға қатысты жағдайды еңбек шарты мен конкурстық рәсімдердің нәтижесімен түсіндірді.
Университеттің академиялық мәселелер бойынша проректоры Алина Галееваның мәлімдеуінше, профессор Кәкен Қамзин мен доцент Темірғали Көпбайдың еңбек шарттарының мерзімі аяқталған.
Ал аға оқытушы Ермахан Шайхы конкурстық комиссия отырысына қатыспаған және белгіленген рәсімнен өтуден бас тартқан. Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау үшін өткізілген конкурстан өте алмаған.
ҚазҰУ мұндай конкурс жоғары оқу орнында жыл сайын белгіленген тәртіппен өткізілетінін атап өтті. Комиссия үміткерлердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесін, дәріс беру біліктілігін және өзге талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Университет өкілінің мәлімдеуінше, төрт оқытушыға қатысты шешімдер қолданыстағы заңнама мен ҚазҰУ-дың ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қабылданған.
Осылайша, Темірғали Көпбай оқытушылардың кетуін факультеттегі басқару саясаты мен олардың ашық пікіріне байланысты қысыммен байланыстырса, ҚазҰУ басшылығы кадрлық шешімдердің еңбек шартының аяқталуы және конкурс нәтижелері негізінде қабылданғанын айтып отыр.