Павлодардағы алюминий балқыту зауытында өндірістік оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханағ...
Сеулде қазақ ауылы ашылды: Тоқаев пен Корея парламентінің спикері этноауылды аралады
Акорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шик Сеулдегі Ханган саябағында орналасқан қазақ этноауылына барды, деп хабарлады MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық өнері мен мәдени мұрасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап, халқымыздың бірегей мұрасын бейнелейтін «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады.
Этноауылда қазақ шеберлері жасаған зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден жасалған заттар көрмеге қойылды. Сондай-ақ қонақтарға домбыра, дауылпаз және жетіген аспаптарының сүйемелдеуімен музыкалық бағдарлама ұсынылды.
«Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасы академиялық корей театры балет труппасы бірлескен қойылым көрсетті. Ал «Достық» хореографиялық композициясы екі халық арасындағы мәдени байланысты бейнеледі.
Тоқаев пен Корея парламентінің спикеріне садақшылардың шеберлігі де көрсетілді.
Бұдан бөлек, меймандар диджитал-киіз үйді аралады. Ондағы панорамалы LED-экраннан Қазақстан мен Корея халықтарының достығы, еліміздегі корей этносының тарихы, мәдениеті және қазіргі өмірі туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Іс-шара соңында Ханган саябағының аспанына көтерілген дрондар Қазақстан мен Кореяның мемлекеттік туларын бейнеледі. Сондай-ақ «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» деген жазуы бар дирижабль ұшырылды.