Он адамға «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Алматы қаласы күні қарсаң...
Қырыққұдық ауылында жаңа мешіт бой көтерді
Күні кеше Ақмола обылысы, Степногорск қаласы, Қырыққұдық ауылында жаңа мешіт бой көтерді. Алты Алашқа сауын айтылмаса да, аяғы жеткеннің бәрі келіп 150 адамға арналған жаңа мешіттің ашылу рәсіміне куә болып қайтты. Бұл мешіттің іргетасы осыдан төрт жыл бұрын қаланған екен.Мешіт салсақ деген алғашқы ойды айтқан Темірбек Шұғайұлы,Темірхан Әбеновтар болса, құрылыс саласының маманы Бекболат Машанұлы мен Мұрат Хабитұлының да қосқан үлестері көп болды. Мешіт салынады деп жоспарланып, қаржылық сметасы бекітілген күннен бастап ауылдағы әр адам шама-шарқынша көмектессе, Серікжан Исламұлы, Бота Идолдаұлы сияқты ел ағалары азаматтық танытып қалған қаржыны өз мойындарына алды. Жұмыла көтеген жүк қашанда жеңіл болмақ. Бұл Қырыққұдық ауылының бірлігінің, берекесінің арқасында жүзеге асырылған іс екені анық.
Мешіттің іргетасы қалана бастағаннан-ақ, ауылдағы ел ағасынан кішкентай баласына дейін өз үлесін қосуға тырысты. Құрылыс жұмысы аяқталар тұста мешіттің күмбезі анау айтқандай оңай жасалынатын дүние емес екенін аңғарған ауыл тұрғындары тығырыққа тірелгендей болған. Дегенмен, қайырлы істің басынан табылғысы келген «Қазақ Алтын» компаниясы бұл мәселені өздері шешетінін айтқан екен. Биыл ораза айында ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап, компаниядағы жігіттер күмбезді жкасатып алып келіп, орнатып берді. «Кімде кім Алла тағала ризашылығы үшін құстың жұмыртқа басатын ұясындай мешіт салса да, Алла тағала оған жәннаттан үй салады»,-делінген хадис бар. Демек, осы мешіттің салынуына қол ұшын созған әр азаматтың ісі – риясыз!
Мамыр айының 12 сі күні көптен күткен мешіттің ашылуы болды. Бұл ресми дүние емес, рухани дүние болсын деген ниетпен Астанадағы Қазақстан жазушылар одағы филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы сынды ақындар мен қоса демеуші болған азаматтарды да шақырып, имамдар сөз алып өз тілек-ниеттерін білдірді. Қонақтар мен ауыл тұрғындарына киіз үй тігіліп, ас берілді. Астың алдында 18 ат қатысқан бәйге болып, 20 шақырымда қара үзіп жеткен Көкшетаулық жиренқасқа мен екінші болып мәре кескен көк сәйгүліктер өздеріне бұйырған жүлдесін алса, үш салмақтағы палуандарымыз да күш сынасып, ел көңілін бір көтеріп тастады. Рухани жаңғыру – ұлт руханиятына қызмет етуден басталса керек.
Нұрғайып Хавсеметұлы