Шымкенттіктердің жалақысы Астана мен Алматыдан әлдеқайда аз екен

Фото: kazinform.kz

Жаңалықтар
111

Республикалық маңызы бар үш қаланың мәртебесі тең болғанымен Шымкентте табыс деңгейі төмен, деп хабарлайды madeniportal.kz kazinform.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

Ресми статистикаға сүйенер болсақ, Шымкентте жалақының жылдық өсімі 16,1 пайызды құраған. Дегенмен, халықтың нақты табысы Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен күйінде  қалып отыр.

2024 жылдың үшінші тоқсанындағы орташа номиналды жалақы:

* Астанада — 504 212 теңге,
* Алматыда — 471 264 теңге,
* Шымкент қаласында — 309 733 теңге.

Жан басына шаққандағы ақшалай табысты салыстырған кезде де үшінші мегаполисте әлдейқайда алшақтық байқалады: Шымкентте ол бар болғаны 127 857 теңге.
 

Фото: Ұлттық статбюро
— Сондай-ақ «медианды», яғни орташа жалақы сияқты көрсеткіш бар, ол нақты жағдайды дәлірек көрсетеді. Себебі елдегі, аймақтағы немесе бизнестегі ағымдағы жалақы деректеріне негізделген кірісті айқындайды. Мәселен, 2024 жылы Шымкентте орташа жалақы 248 579 теңге болса, Астанада 327 598 теңге, Алматыда 325 649 теңге болды, — деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының мамандары.
Ал, экономист Бекнұр Қисықов жалақыдағы айырмашылықты факторлардың жиынтығымен түсіндірді.

— Шымкент 2018 жылдың маусым айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, ауылшаруашылық аймағымен байланысты болып келді. Белгілі бір мағынада Шымкент — ауыл шаруашылығы саласының орталығы болды. Ал, Алматы мен Астана Қазақстанның негізгі ресурстары мен бюджеті шоғырланған қаржы-экономикалық және әкімшілік орталықтары болып қала береді. Сондықтан ондағы мамандар әдетте жоғары жалақы алады. Сондай-ақ, жалақы деңгейі өмір сүруге кететін қаражатқа тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Мысалы, Шымкентте өмір сүру Алматы мен Астанаға қарағанда арзанырақ. Екі мегаполисте тұрғын үй, көлік және қызмет көрсету құны бұрыннан қымбатырақ болып келеді, — дейді Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Б. Қисықов. 

Фото: facebook.com/beknurdos
Сондай-ақ, ол Шымкент өзінің мегаполис мәртебесіне қарамастан Астана және Алматымен салыстырғанда жоғары білікті кадрлары шектеулі және мемлекеттік қолдау деңгейі мен инвестиция көлемі бойынша айырмашылығы бар қала болып қала беретінін атап өтті.

— Шымкенттің дамып келе жатқанына қарамастан Астана мен Алматыға қарағанда оған инвестиция айтарлықтай аз түседі. Ал инвестиция тарту жұмыс орындарын ашуда және жалақыны арттыруда маңызды рөл атқарады. Шымкентте ол бұрынғыдан айтарлықтай жоғары, бірақ әлі де Алматы мен Астанадағыдай деңгейде емес. Дегенмен, соңғы тенденция Шымкенттің дамып келе жатқанын көрсетеді. Қаланың әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Қаланың болашағын тартылған инвестиция, білікті кадрлар және басқа да факторлар айқындайды, — деді экономист.
Ал, әлеуметтанушылар жергілікті халықтың өсімі мен мегаполис мәртебесінің берілуі экономикалық дамуды айқындағанымен жалақының жоғарылауына алып келетін негізгі фактор еместігін жеткізді.

— Қазақстанда жалақының өсуі халық санының көбеюімен байланысты емес. Мысалы, Үндістанды алайық, онда миллиардтан аса адам тұратынына қарамастан жалақы төмен. Себебі, табыс деңгейі негізінен экономика саласына байланысты. Мәселен, еліміздің оңтүстік қаласы саналатын Шымкентте экономика негізінен қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Астанада, керісінше, негізгі сектор — мемлекеттік қызмет көрсету саласы, сәйкесінше, орташа жалақы бюджеттік сектор мен мемқызметшілердің деңгейіне жақын. Алматы коммерциялық тұрғыдан ең дамыған қала ретінде белсенді бәсекелестік пен дамыған индустрияның арқасында жоғары жалақыға ие, — дейді әлеуметтанушы, «Сандж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова. 

Фото: facebook.com/janar.jandosova
Сонымен қатар, кейбір кәсіпке негізделген қалаларда да жалақы мамандыққа қарай өзгеруі мүмкін. Әсіресе, мұнай өңдеуші қалаларда жалақы жоғары келеді. 

— Мысалы, Жаңаөзенде жалақы жоғары, себебі қала мұнай өндіруге бағытталған. Моноқалада бір жалақы отбасын толық асырай алады. Бұрын Қазақстанда Теміртау немесе Шахтинск сияқты тау-кен металлургия саласында жоғары жалақысымен танылған көптеген моноқалалар болды. Жалпы, индустрияны дамыту туралы айтатын болсақ, инвестиция бар жерде жалақы деңгейі де өседі. Мысалы, кен орындары белсенді игеріліп жатқан өңірлерде, ол мұнай немесе алтын болсын, Теңіз немесе Қарашығанақ болсын, жұмыс күшіне сұраныс бірден артқанда бұл жалақының өсуіне алып келеді, — деп атап өтті әлеуметтанушы.
Аймаққа байланысты жеке қалаларда да жалақыда айырмашылық бар. Мысалы, өнеркәсіптік аймақта табыс айтарлықтай жоғары болса, тұрғындары біліктілігі төмен кәсіпте жұмыс істейтін шет аймақтарда төмен болуы мүмкін. 

Фото: primeminister.kz
— Сондықтан өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту маңызды. Қазақстанда бұл әсіресе өзекті, өйткені өнеркәсіп пен сауданың табысты дамуы халық табысының артуына ықпал етеді. Жалақыны одан әрі арттыру үшін инфрақұрылым мен өндірісті дамытуға инвестиция салуды жалғастыру қажет. Мәселен, Астанада қазір құрылыс пен басқа да жобаларға инвестиция құйылып жатыр, бұл да жалақының өсуіне ықпал етеді. Алайда мұндай инвестиция тоқтатылатын болса, жұмысшылардың басқа аймақтарға кетуін күтуге болады, — деп түйіндеді Жанар Жандосова.