Екі жыл бұрын жоғалып кеткен Шу қаласының тұрғыны тірі табылды. Бұл туралы Lider.kz еріктілері инста...
Тоқаев Кореяға жасанды интеллект орталығы мен азық-түлік кластерін құруды ұсынды
Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар бастама көтерді, деп хабарлады MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамыту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, салалық министрлік құрылып, Alem.ai халықаралық орталығы ашылған және екі суперкомпьютер іске қосылған.
Президенттің айтуынша, елде қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Qazaq AI Research University мамандар даярлауға кіріскен.
«Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығы саласында да Кореямен бірлескен ірі жобаны жүзеге асыруды ұсынды.
Оның мәліметінше, былтыр Қазақстанда рекордтық көлемде, шамамен 27 миллион тонна астық жиналған. Еліміздің агроөнеркәсіп өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жеткен.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жер ресурстары мен Кореяның озық агротехнологияларын біріктіру арқылы тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруға болатынын айтты.
«Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Аталған кластердің қызметі өндіріске, терең өңдеуге және өнімді сыртқы нарыққа экспорттауға бағытталады», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан корей компанияларына өндіріс орындарын ашуға, жаңа технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы мұндай ынтымақтастық Қазақстан мен Кореяға ғана емес, тұтас Орталық Азия экономикасына да оң әсер ететінін атап өтті.