Сот мас күйде 9 жастағы қызын зорламақ болған шымкенттікке үкім шығарды, деп хабарлайды madeniportal...
Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығында үлкен өзгеріс болатынын айтты
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізуді жеделдету қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, заманауи технологияларды тиімді пайдалану Қазақстанды Еуразиядағы негізгі азық-түлік орталықтарының біріне айналдыруы мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президент өткен аптада Астанаға келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың Қазақстанның ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу туралы ұсынысына тоқталды.
«Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек. Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразияны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда суармалы егіншілікті дамытуға қолайлы үлкен жер алқаптары бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жерлерді тиімді игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Президент жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеу технологиялары мен агрохимиялық тәсілдерді кеңінен қолдануды тапсырды.
Сонымен қатар Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытудың маңызын атап өтті. Мысал ретінде Қызылорда облысында жүгері мен соя өсіру және өңдеу жобаларын, сондай-ақ Түркістан облысында қытайлық компания жүзеге асырып жатқан заманауи мақта-тоқыма кластерін атады.
«Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы мал шаруашылығында да жаңа технологияларды белсенді пайдалануға шақырды.
Оның мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Олар жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіреді.
Ал Ақмола облысында халықаралық тәжірибеге негізделген ет кластері құрылып жатыр.
Президент мұндай жобаларды қолдап, қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлуді тапсырды.