"Жігіттер" квартетінің әншісі Ердос Қанаев өнерден кетуге қатысты пікір білдірді. Шоу-бизнес жұлдызы...
Түркістандық екі сыныптас ҰБТ-дан 140 балл жинады
ашық дереккөз
Түркістандағы бір жекеменшік мектептің екі түлегі — Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев — Бірыңғай ұлттық тестілеуден (ҰБТ) ең жоғары 140 балл жинады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, екі түлек те бір сыныпта оқыған және бірдей бейіндік пәндерді — дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін — таңдаған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
— Бұған дейін Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев халықаралық IELTS емтиханын да сәтті тапсырып, 6,5 балл жинаған. Бұл көрсеткіш олардың тек ұлттық тестілеуге ғана емес, халықаралық білім беру стандарттарына да жоғары деңгейде дайын екенін дәлелдеді. Ағылшын тіліне деген қызығушылық пен білімге ұмтылыс олардың жетістігінің негізгі факторлары болды, — деп атап өтті ведомство.
Жасур Нышанбаев — Түркістан қаласының тұрғыны. Қаңтардағы ҰБТ-де ол 120 балл жинаса, наурызда нәтижесін 128 баллға дейін жақсартқан. Мамырдағы негізгі тестілеуде түлек ең жоғары 140 балл алды.
— Ал Айсұлтан Жаңбырбай оқу үшін Шымкенттен келіп, мектеп жанындағы жатақханада тұрған. Ол қаңтардағы ҰБТ-де 125 балл, наурызда 128 балл жинап, әр кезең сайын нәтижесін тұрақты түрде арттырып отырған. Нәтижесінде негізгі ҰБТ-де де ең жоғары 140 баллға қол жеткізді, — деп толықтырды облыстық білім басқармасы.
Екі түлек те Астанадағы Мағсұт Нәрікбаев атындағы университетке (MNU) «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап, болашақтарын халықаралық саламен байланыстыруды көздеп отыр.