Үйлену тойына 200 қонақтан артық шақыруға тыйым салынды

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
643

Өзбекстанда бұған дейін қабылданған қаулы биыл ресми түрде күшіне енді, деп хабарлады MadeniPortal.kz SMARTNEWS.KZ-ке сілтеме жасап.
Енді елдегі үйлену тойларына 200 адамнан артық шақыруға болмайды.

Жаңа ережеге сәйкес, той қонақтарының саны 200 адаммен шектеледі. Ал дәстүрлі түрде өткізілетін палау тарату сияқты шараларға 250 адамға дейін қатысуға рұқсат берілген. Егер бір мезгілде екі той немесе екі палау беру рәсімі өткізілсе, қатысушылар саны тиісінше 250 және 300 адамнан аспауы керек. Сонымен қатар, бұл құжатта салтанатты жиындарда орын алатын артық шығындарды болдырмау шаралары да қарастырылған.

 Мысалы, тойда ақша мен түрлі сыйлықтарды (мата секілді) таратуға тыйым салынған. Билік өкілдері мұндай шығындар көп жағдайда отбасыларға экономикалық ауыртпалық әкелетінін атап өтті. Бұл бастаманың түпкі мақсаты — тек адам санын шектеу емес, халықты орынсыз шығыннан қорғау.

Бұл ереже «Рационалды тұтыну» бағдарламасы аясында қабылданған және іс-шаралардың тиімді өтуі мен сапалы қызметпен қамтамасыз етілуін көздейді. 

Айта кетсек, бұған дейін, шамамен бес жыл бұрын да Өзбекстанда тойдағы адам санын шектеу туралы бастама көтерілген еді. Алайда журналистердің айтуынша, ол талаптар кеңінен жүзеге аспаған.