Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «...
Ұландық жауынгерлер туралы жаңа көркем фильм көрерменге жол тартады
Алматы облысында Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы «Бүркіт» атты толықметражды көркем фильм түсіріліп жатыр. Бұл – Ұлттық ұлан туралы отандық «АЮ Синема» кинокомпаниясы түсіріп жатқан үшінші әскери фильм.
Фильмнің қоюшы режиссері – Қазақстан кинематографиясында «Алтыншы бекет» және «Қазбат» әскери кинокартиналарының бас продюсері ретінде танымал Данияр Ибрагимов. Аталмыш фильм оның режиссерлік жұмысындағы дебюті.
Әскери сахналардың продюсерлік жұмысы арнайы күштердің ардагері, күрең берет иегері және жауынгерлік офицер Камал Жақсылықовқа жүктелген. Екінші продюсер – Ильяс Етекбаев, ал желілік продюсері жауынгерлік іс-қимылдар ардагері Сабыржан Сулейменов.
Фильмнің кинооператоры – «Бойдақ», «Махаббат әрқашан менің жүрегімде», «Күләш» және т.б. картиналарды түсірген Азамат Дулатов.
Басты рөлдерде танымал актерлер Санжар Мәди, Дәурен Серғазин және Асылхан Төлепов ойнайды.
Фильмде сондай-ақ танымал әнші және музыкант Ғалымжан Молданазар бой көрсетеді. Мықты мамандардан құралған топ 30 қыркүйекте аталмыш картинаның түсірілімін бастады. Фильм көбіне Іле-Алатау Ұлттық паркінің көркем жерлерінде және Іле өзенінің жағасында түсірілуде.
Бұдан басқа Алматы және Қонаев қалаларында да күрделі-қойылымдық түсірілімдер жоспарланып отыр. Туынды шынайы оқиғаларға негізделген. Сценарий арнайы күштердің символы – күрең беретті кию құқығын алу үшін қиын да күрделі сынақтардан өткен үш кейіпкердің өмірінен жазылған. Фильмнің сюжеті жедел-іздестіру іс-шараларына, сонымен қатар нақты оқиғаларға қатысқан кейіпкерлер туралы болмақ. Фильм авторларының мақсаты – Ұлттық ұлан арнайы жасақ қызметі арқылы Қазақстанның басқа да күштік құрылымдарындағы осындай бөлімшелер туралы баяндау.