Алматыда шахматтан Балалар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Қала рекордтық көрсеткішпен –...
Ел намысын қорғап, несиеге билет алған: Әлем чемпионының мәселесіне спорт басқармасы жауап берді
видеодан алынған скрин
Батыс Қазақстан облысының спортшылары Латвияда өткен гір тасын көтеруден әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды. Виталий Бырко алтын медаль жеңіп алса, оның шәкірті Милана Махновская екі күміс медаль иеленді. Алайда елге оралған спортшыларды әуежайдан ешкім күтіп алмаған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Виталий Бырконың айтуынша, спортшылар жарысқа қатысу үшін бірқатар қаржылық қиындыққа тап болған. Олар виза рәсімдеу үшін Астанаға өз қаражатымен барған. Кейбір шығындарын өтеуге көмек көрсетілгенімен, әуе билеттерін сатып алу үшін спортшы несие алуға мәжбүр болғанын айтты. Сонымен қатар әлем чемпионы спортшылардың жаттығу жағдайына да тоқталды. Оның сөзінше, шәкірттері небәрі екі шағын бөлмеден тұратын залда жаттығады.
Кейінірек Виталий Бырко тағы бір бейнежазба жариялап, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасымен бірлесіп, гір спортын дамыту бағытында жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Спорт басқармасы не дейді?
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы аталған жағдайға қатысты BES.media редакциясына ресми түсініктеме берген. Ведомствоның мәліметінше, спортшылар чемпионатқа өз қаражаты, демеушілер мен аудан әкімдігінің қолдауы есебінен барған. Басқармаға осы сапарға байланысты қаржылай көмек сұрап өтініш түспеген. Желтоқсан айында әлем чемпиондары мен жүлдегерлерінің облыс әкімімен кездесуі жоспарланып отыр. Оған гір спортының өкілдері де шақырылмақ. Сондай-ақ 24 қарашада БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Маратұлы Виталий Бырконы қабылдап, жеңісімен құттықтады. Кездесу барысында өңірдегі гір спортын дамыту мәселелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.