ҰЛЫ ДАЛА ЖӘДІГЕРЛЕРІ ОТАНЫНА ҚАШАН ОРАЛАДЫ?

Жаңалықтар
1929

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлтымыздың этногенезінің негізгі элементтерін құраған ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің басым бөлігі Қазақстан аумағында құрылғанын, осы далада олардың зор мәдени жетістікке жетіп, мәдени жетістіктерін басқа аймақтарға таратқанын және олардың өз заманындағы озық ақыл-ой жетістігінің арқасында көптеген жаңалықтарды ойлап тауып, адамзаттың ілгері дамуына ықпал еткенін дәйектеумен бірге, бұған дейін ғылыми ортада үстемдік етіп келген «еуропацентристік» көзқарастың салдарынан көне тарихымыздың бұрмалаушылықтарға, тарам-тарам бөлшектерге әдейі ұшырап келгенін тұжырымдай отырып, «Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін» ойларымен бөліседі. 

Жаһандық тарихтағы рөліміз бен орнымызға дұрыс пайым жасауды ұсынған Елбасы мақала­сының «Ұлт тарихындағы кеңіс­тік пен уақыт» атты тарауында ежелгі заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың жалпы адамзат­тың ілгері дамуында тың серпін берген рухани және материалдық жетістіктерін айқындайтын «Ұлы даланың жеті қырына» талдау жасаумен бірге, «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші тарауында көтерілген мәселелердің қай-қайсысы болсын терең зерттеуді қажет ететінін баса көрсетіп, осы жұмыстарды жүзеге асыру жо­лын­­дағы ірі ауқымды алты жоба­ны ұсынады. Атап айтқанда, «Архив – 25» жобасы аясында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын құрып, шетелдік мұрағаттарда халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты дүние­лерді тауып, зерттеп айналымға енгізу, «Ұлы даланың ұлы есім­дері» жобасы аясында халқымыз­дың ұлы тұлғалары есімдерін ұлықтау жұмыстарын одан ары жандандыру мақсатында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саяба­ғын ашу «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба аясында 2019 жылы Астанада түркологтардың дүние­жүзі­лік конгресін және Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы аясында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструк­ция­лар клубын құру «Дала фольклоры мен музыкасының «Мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антоло­гиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шыға­ру, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасы аясында «Қазақстанның өрке­ниет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сер­иал­дар мен толықметражды көр­кем картиналардың арнайы цик­лін» өндіріске енгізуді тапсырды. 

Бағамдап қарасақ, рухани жан дүниеміз, тарихымыз үшін өте ауқымды, өте маңызды жобалар. Бұл маңызды жобаларға дейін де Елбасының бастамасымен өшіп бара жатқан мәдени-рухани дүниелерімізді жандандыруда, тарихымыздағы ақтаңдықтарды қайта зерделеуде үлкен жұмыстар атқарылған болатын. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі қаншама тарихи-мәдени мұралар зерттелді, қалпына келтірілді және тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет мемлекеттердегі рухани мұраларымызды жинақтау жұмыстары жүргізілген болса, «Мәдени мұра» бағдарламасымен үндесіп жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы бойынша бұрынғы басталған істер одан ары жалғасын тауып, оның ауқымы одан ары кеңейіп, шет мемлекеттердегі тарихи жәді­герлерімізді тауып елге қай­тару, көшірмесін жасау жұмыстары жүргізілді. Солай десек те, руха­ни-мәдени мұра­ла­ры­­мызды түген­деу, тарихымызды зерттеу, оны құнды деректермен, жәдігер­лермен байыту ісінде «жоғын іздеген жолаушыдай күй кешіп» жүрген жайымыз тағы бар. Олай дейтініміз, Қазақ елі Ресей импе­рия­сының қол астына кіргеннен кейін және кеңестік кезеңде ұлан-ғайыр даламыздағы небір ғажа­йып дала ескерткіштері талан-таражға ұшырады. Ұлы тұлғаларымыздың мұралары тонауға түсті. Қазақ топырағынан табылған мыңдаған тарихи жәдігерлер «зерттеу мақсатында» деген желеумен орталыққа жөнел­тіліп, қайта қайтарылмады. Осы орайда, айта кететін жайт, белгілі композитор, қоғам қай­рат­кері Еркеғали Рахмадиев ағамыз Мәдениет министрі бо­лып тұрған кезінде, қазақ жерінен тоналған асыл мұралардың тізімін жасау, жинастыру жұмыстарын қолға алды. Ағамыз «Өнерсіз халық-өлі халық» деген мақала­сын­да былай деп жазған еді: «Біздің Президентіміз Нұрекең, Алла тағала жасын ұзақ қылсын, халық өнеріне, мәдениетіне ерек­ше мән беріп отыр. Осы уақытқа дейін шашылып кеткен дүниені, Белоруссияға барар жина­лыстың алдында 2 ай жарғақ құлағым жастыққа тимей, Қазақ­станда менің хабарым бар деген елдің бәрін жинап алып, 300-400 жыл бойы қазақтың даласынан сыйлық болып кеткен, не тона­лып кеткен дүниелердің барлы­ғының тізімін жасаттыр­дым. Менің ойымша, бұл тарихи ұрым­т­ал тұс. Осы кезде 300-400 жыл бойы халқымыздың даласынан тоналған дүниесін қайтарудың кезі келген сияқты. Осының бәрі­нің санын тізгенде 1200 бол­ды. Осыны Президентке апарып бердім». Бұл – 1992 жылы болған жағдай. Өкініштісі осы басталған жұмыстардың аяғына дейін жеткізілмеуі, мемлекет тарапынан кешенді бағдарламаның іске асырылмауында. 

Еліміздің тарихы, ата-баба­ларымыздың қолөнерінің көрінісі мен мәдениетіміздің жемісі болып табылатын құнды тари­хи жәдігерлеріміз Ресей, Франция, Англия, АҚШ, Жапония және тағы да басқа шет мемлекеттердің мұражайларында тарыдай шашы­лып, мен-мұндалап орналасқан күйінде тұр. Бұл біз білетін тарихи жәдігер­леріміз. Біздің білмей­тініміз қаншама?! Бұлардың басым бөлігі Қазақ даласынан ұрланған, тоналған жәдігерлер. Бір ғана Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінен ғұламаның жібек жайнамазы, зергерлік өнер үлгісімен жасалған шырағдан астына қойылатын атты тұғырдың төртеуі, жылан басты ұшына қыл байланған Әмір Темір туының сабы, кесененің барлық бөлмелеріне жарық беріп тұрған алты шырағдан және тағы басқа құнды жәдігерлердің бірі Ресейдің Эрмитажында орналас­са, тағы да бірі Францияның Лувр музейінде тұр. 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында орын­дауға тапсырылған жобаларды жүзеге асыру аясындағы алды­мыз­да тұрған кешенді жұмыс­тар­дың бірі – шетелдегі тарихи жәді­герлеріміздің белгілілерін өз ота­­­нына қайтару, сұрау салу, ға­лым­дарымызды шет мемлекеттер­ге жіберіп, іздестіру, зерттеу жұмыс­тарын жүргізу болмақ. Әр кезеңдегі халқымыздың мәдени мұрасы, тарихының шынайы көзі болып табылатын құнды жәдігерлерімізді түгендеу ісі мемлекетіміз тарапынан дип­ло­матиялық келіссөздер жүр­гізу арқылы, қаржысын төлеп сатып алу нәтижесінде, көшір­ме­лерін жасату бойынша жүргізілсе, Елбасы мақаласында атап көрсе­тілген «ұлт тарихын санаға сіңіру, ұлы даланың ұлы есімдерін ұлық­тау, Түркі халықтарының мәдени ортақтастығын көрсету, ұлы дала­ның ежелгі өнері мен техно­ло­гиялар жетістігін көрсету, тари­хымыздағы ұлы тұлғаларды кино өнері арқылы жаңа көкжиекке алып шығу, әлемге таныту және ұлы даланы жаңа қырынан таны­ту, ұлы дала тарихына жаңа­ша пайымдаулар жасау жұмыстарын орындауымызға септігін тигізетіні даусыз еді. 

Республикамыз тәуелсіздігін алғаннан кейін шет мемлекеттерге асып кеткен құнды жәдігерлері­мізді қайтару, көшірмелерін алу, арыстарымыздың сүйектерін қайтару істері там-тұмдап болса да жүргізілгенін барша қауым біледі. Тікелей Елбасының ара­ласуы­мен және тапсырмасымен және ұлт жанашырларының қажырлы еңбектерінің нәтиже­сін­де Қожа Ахмет Яссауи кесе­не­сіндегі тайқазан құтты орнына қайтарылды, сонау сегізінші ғасырға тиесілі тасқа қашап жазыл­ған атақты Күлтегін батыр­ға арналған жырдың көшірмесі жасалып, Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің фаесіне қойылса, Кейкі батырдың бас сүйегі, қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақас­ұлының сүйегінің күлі әкелініп, құран бағышталып, жер қойна­уына тапсырылды. Осы шара­лар­дың өзі халқымыздың рухани жан дүниесіне үлкен серпін берді, «өлгені тіріліп, өшкені жанған­дай» рухани күш алды. Тайқазан мен Күлтегін батыр ескерткіші қаншама тарихи еңбектерге дерек болды, халықаралық, республика­лық ғылыми практикалық конфе­рен­циялар өткізілді, тарихи жәді­герлеріміз әспеттелген құжат­ты бейнефильмдер түсірі­ліп, халық назарына ұсынылды, сонымен қатар суретшілерімізбен, сәулет­шілеріміздің шығармашы­лық жұмыстарына арқау болған болса, арыстарымыздың сүйектері қайта­рылып, өз отанымызда жер қойнауына арулап тапсырылуы жастарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен өнеге болды деп айтуымызға болады. 

Құнды жәдігерлерімізді түген­деуге байланысты айта кететін мәсе­ленің екінші қыры, біз тарихи сананы жаңғыртамыз, талан-таранға түскен жәдігерлерді түген­дейміз деп, үлкен игі істерді жүргізіп жатқанымызда, киелі, қасиетті тарихи орындарымыздың ойран ботқасын шығарып қазып, тонап, бүлдіріп, тапқанын шетел асырып жүргендер Қазақстан аумағында қаптап жүр. Сондық­тан да бұл саладағы жұмыстарды бір ретке келтіріп, заңды қатай­тып, тарихи мұраларымызды қорғауды мемлекет тарапынан рет­тейтін арнайы заңды қабылдау уақыты келгенін де қаперден шығар­майық. 

Бүгінгі көк туы желбіреп, әлемдік қауымдастықпен бірге болашаққа қадам басқан тәуелсіз республикамыздың аумағы ежелгі замандардың өзінде мемлекеттік құрылым дәрежесіне дейін жеткен Сақтар мен Ғұндар­дың, одан берідегі Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы болды. Ұлы далада 1465 жылдан 1847 жылдар аралығында жеке Қазақ хандығы өмір сүріп, ата-баба­ларының даңқты тарихи жолын жалғас­тыр­ды. Біздің ата-баба­ларымыз тари­хи даму жолында артында қалған ұрпағы­на баға жетпес мәдени мұра­мен бірге өзінің ерлік жолы­ның өнеге үлгісін қалдырды. 

Қазақ топырағында болған және Өзбек ханы Мухаммед Шейбанидің қазақтарға жасаған шапқыншылығына қатысып, бол­ған оқиғаның барлығын өз көзі­мен көрген ирандық тарих­шы Фәзолла ибн Рузбехан «Мех­ман­­нама-и Бұхара» (Бұқара қонағы­ның жазбалары) атты еңбе­гінде: «Бұл қазақтар өздері­нің қайтпас ерлігімен де, қуат-күшімен де бүкіл әлемге танылған халық. Егер қазақтар рулы елімен бас құрап, ту көтеріп, уақытында шеп түзей алса, ешбір жауға алдыр­­майды» деп, батыр баба­лары­­мызыдың өр кеуделі жоғары рухын ерекше атап өтеді. Келтіре берсек, мұндай мысалдар жеткі­лікті. 

Әлемде көп халық бар, өзін көне өркениеттің қайсысына жатқызарын білмей жүрген? Содан келіп, әркімнің шаужайына жармасқандай, қисыны келсін-келмесін көне өркениеттік және орта ғасырлық мұраларды өзіне тиесілі етіп көрсетуге тырысып бағып жатқаны. Ал бізде керісін­ше, өткенімізбен мақтанып, қолдағы барымызды бағалай алмай жүргеніміз. 

Ежелден адамзат өркениетінің отаны болып, адамзат баласының ілгері дамуына өзіндік лайықты үлесін қосқан ұлы қазақ дала­сы­ның тұлғалары мен ойшылда­ры­ның тарихы отарлық езгі мен содан туындаған зымиян саясат­тың салдарынан әдейі бұрмала­нып, әлемдік өркениетке қосқан үлесі, әлемдік өркениеттегі көш­бас­таушылық еңбегі лайықты бағаланбай келді. Осы қателік­тер­ді түзетіп, ұлы даланы асқақта­та­тын, адамзат дамуының озық көшіндегі оның рөліне лайықты баға беретін уақыттың кезі келді деп ойлаймыз. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін» деген Елба­сы тарихи санамызды жаңғырта отырып, тәуелсіз еліміздің ілгері дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. 

Осы жобаларды іске асыру жолында баршамыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығын басшылыққа алып, жұмыла іске кірісейік. 

Досалы САЛҚЫНБЕК,

профессор

www.aikyn.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...