Күллі түркі жұртына ортақ Кероғлыға арналған ескерткіш Түркия елінде тұрғызылды. Осы ерекше туынды қ...
«Заң мен тәртіп»: Ғылымға бөлінген миллиардтарды тексерудің нәтижесі қандай болмақ?
Фото: ЖИ/ MadeniPortal.kz
Жоғары аудиторлық палата ғылым саласында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады. Бұдан бөлек, 47 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, жұмсалған. Палата төрағасы Әлихан Смайылов аудит қорытындысын 11 қарашада Құрылтай отырысында таныстырды. Арада екі күн өткенде Үкімет ғылым бағытына жетекшілік еткен Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованы қызметінен босатты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қаржы көбейгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді
Аудит 2021–2025 жылдар аралығын және бюджеттен бөлінген 241,9 млрд теңгені қамтыған.
Жоғары аудиторлық палата материалдарына сүйенсек, осы кезеңде ел ішіндегі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығын 109,3 млрд теңгеден 261,5 млрд теңгеге өскен. Алайда оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,13%-дан 0,16%-ға көтерілген.
Ғылымға жұмсалатын шығынның шамамен 81,5%-ын мемлекет көтереді. Шетелдік инвестицияның үлесі — 0,3%.
Смайыловтың айтуынша, ғылыми жұмыстың нәтижесі көбіне жарияланым, патент және өндіріске енгізілгенін растайтын акт секілді формалды көрсеткіштермен бағаланады. Жоба есеп тапсырумен аяқталып, одан шыққан нәтиженің кейін қалай қолданылғанын ешкім жүйелі түрде қадағаламайды. Мәселен, аудиторлар іріктеп тексерген 60 патент бойынша оларды пайдалануға қатысты келісімдер табылмаған.
Коммерцияландыру көрсеткіші 44% емес, 16%-ға жуық болған
Ең көп сұрақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қаржы бөлетін Ғылым қорына қатысты туындаған.
Қор жоспардағы 29%-дың орнына коммерцияландыру деңгейін 43,6%-ға жеткізгенін мәлімдеген. Алайда Жоғары аудиторлық палата бұл көрсеткішті есептегенде өзара салыстыруға келмейтін деректер қолданылғанын анықтады. Бірдей өлшеммен қайта есептегенде нәтиже 15,7% болған.
Аудиторлар жалпы құны 31,5 млрд теңге болатын аяқталған 141 жобаны тексерген. Соның тек 38-і соңғы үш жылда тұрақты сатылымға қол жеткізген. Қалған 103 жобаға 22,5 млрд теңге жұмсалғанымен, олар жоспарланған өндіріс пен сату көлеміне жете алмаған.
Сонымен қатар гранттарды бөлуге қатысатын ұлттық ғылыми кеңестерде мүдделер қақтығысының қаупі анықталған. Кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52,4 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Олардың 27-сі сол жобаларға ғылыми жетекшілік еткен.
Екі жоба бойынша өзара үлестес тұлғалардан 137,3 млн теңгенің тауары сатып алынған. Бұдан бөлек, сарапшылар бюджетін қысқартуды ұсынған 545 жобаға қаржы толық көлемде берілген.
Ғылымға арналған қаражат депозитте жатқан
Тексерудің тағы бір бөлігі жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті түрде бөлуге тиіс қаражатқа қатысты.
Astana Hub түскен қаржының жартысынан көбін — 22,9 млрд теңгені депозиттер мен бағалы қағаздарға орналастырып, 12,8 млрд теңге пайыздық табыс алған. Ал “Самғау” қоры 10,2 млрд теңгені осылай орналастырған.
Astana Hub зерттеушілерге ақша аударуды кей жағдайда 215 күнге дейін кешіктірген.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұны заңбұзушылық деп есептемейді. Оның түсіндіруінше, жобаларды қаржыландыру әдетте үш жылға есептеледі, сондықтан қаражат нақты жобаға арналып, алдын ала сақталады.
Бюджетке қанша ақша қайтарылады?
Қаржылық бұзушылық анықталған 51 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі ақшалай қайтарылуға тиіс.
Оның басым бөлігі — жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлу жөніндегі орындалмаған міндеттемелері. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бағыты бойынша — 10 млрд теңге, Энергетика министрлігі бағыты бойынша — 600 млн теңге, Astana Hub алдындағы міндеттемелер бойынша 2,4 млрд теңге қайтарылуы керек.
Қалған 38 млрд теңге бойынша есепті түзету, тауар жеткізу немесе тиісті жұмысты орындау арқылы бұзушылықтарды қалпына келтіру көзделген. Соның ішінде Ғылым комитеті зерттеулерге жұмсалған 35,2 млрд теңгені негізсіз күрделі шығындарға жатқызған.
Аудит жүргізіліп жатқан кезде бюджетке шамамен 19 млн теңге қайтарылған.
Жоғары аудиторлық палата 36 жағдай бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материал жолдаған. Тағы үш дерек құқық қорғау органдарына берілген.
Министр не дейді?
Саясат Нұрбек 38 млрд теңгеге қатысты бұзушылықтарды рәсімдік сипаттағы кемшіліктер деп атап, оларды жыл соңына дейін жоюға уәде берді.
Министрдің айтуынша, ведомство бөлген гранттарға тікелей қатысты бұзушылықтардың көлемі шамамен 1 млрд теңге. Ол бұл қаражаттың бюджетке қайтарылғанын мәлімдеді.
“Сынды қалыпты қабылдаймын. Шешуді қажет ететін мәселелер бар, ғалымдардың жауапкершілігін күшейту керек. Ғалымдар мұның гранттық қаржыландыру болғанымен, бюджет ақшасы екенін түсінуге тиіс”, — деді Нұрбек Құрылтайда журналистерге берген жауабында.
Қызметінен кетуі мүмкін бе деген сұраққа министр мұндай шешімді ел басшылығы қабылдайтынын айтты.
Ал Үкімет Гүлзат Көбенованы қызметінен босатудың ресми себебін жариялаған жоқ. Ол вице-министр қызметін 2025 жылдың маусымынан бері атқарған.
Бұрынғы тапсырмалардың 55%-ы ғана орындалған
Ендігі басты мәселе — Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінен кейін қандай нақты шешімдер қабылданатыны.
Ғылым саласы бұған дейін де тексерілген. 2025 жылдың тамызында палата 1,7 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығын және ондаған миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтаған.
2026 жылдың ақпан–мамыр айларында жүргізілген кезекті аудит те осыған ұқсас мәселелерді көрсеткен. Смайыловтың айтуынша, сол кезге дейін бұрын берілген тапсырмалардың көбі орындалмаған. Заңнамаға және ғылымды басқару тетіктеріне енгізілуге тиіс өзгерістер де жүзеге аспаған.
Қазір Жоғары аудиторлық палатаның дерегі бойынша, алдыңғы тексеру қорытындысымен берілген тапсырмалардың 55%-ы орындалған.