Lenovo компаниясы директорларының бірі Ермек Жақыпжанов өлі табылды, деп хабарлайды madeniportal.kz....
Жазушы Тұрсын Жұртбай атамен кездесуім таңдауымды нақтылауға көмектесті
Фотосурет: Автордан
Кейде өмірлік таңдауыңның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын кездерің болады. Сондайда болмашы нәрседен бастап, ерекше оқиғалардың барлығы сол күмәніңнің бағасындай болып көрінеді. Мектеп оқушысы үшін бұл таңдау қашанда мамандық таңдаумен байланысты. Менің де болашақ мамандығымды таңдауда екі ойлы болып жүрген кезім болған. Сол кезде жазушы Тұрсын Жұртбай атамен кездесуім таңдауымды нақтылауға көмектесті. «Абай мен Мұхтарды білмесең, бала қатарына кірмейсің» деген ауылда өскен, жастайынан әдебиетке махаббаты ерекше болып, «Ұраным – Алаш» деген ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаймен мен осыдан екі жыл бұрын кездестім. Көргеннен қарапайымдылығымен тәнті еткен қаламгермен ұзақ әңгімелестік.
Тұрсын атамен кездесуімнің себебі мектепте жазған ғылыми зерттеу жұмысыма байланысты еді. Ата менің әдебиетке қызығушылығымды біліп, бірден ұнатты. Себебі қазіргі жастардың кітап оқымайтыны, жалпы әдебиетке жақын еместігі ғалымды да қатты мазалайды. Ол туралы өзінің немересімен болған жағдайды баяндап берді. Кішкентайынан кітапты оқығысы келмейтін баланың өсе келе, бірнеше тілде білім алып жүргенінде атасының кітапханасына қызығып, сұрақ қойғанын әңгімелегенінен атаның болмысынан ұлты мен әдебиеттің келешегін уайымдайтыны, немересіне деген ризалық байқалды. Маған да сондай көзқараспен қараған ата бірден қолында бар, мен таппай жүрген кітаптарды сыйға, оқуға ұсынғаны бала көңілімді қуантып тастады. Менің Мұхтар Әуезов туралы жоба жазып жатқанымды естігенде мүлде қуанып, «Мұхтарға қатысты дүниенің барлығы менен табылады. Кімнің, қандай шығармасы керек, сұрай бер. Осында болса, осынан, болмаса, Алматыдағы үйден алдырып берейін» - дегенінен үлкен ғалым, қарымды қаламгер бола мені баласынбай, көңіл аударғанына риза болдым. Дайындап барған сұрақтарымды қойып, сағаттап әңгімелестік. Әуезов әлемі, Абай мен Мұхтар байланысы, Алаш арыстары мен Әуезовтің қарым-қатынасы, Алаштықтар туралы, жалпы өмірлік ұстаным, білім мен мінез туралы баяндады. Мен әңгімеге арасында ғана қосылып отырдым. Тұла бойы тұнған энциклопедия атаның жанында жарты күннің қалай өткенін сезбедім.
«Мұхтардың әдебиетке махаббатын оятқан, біріншіден, атасы Әуез болса, екіншіден, сол атасы құрмет тұтқан, бала кезінен аты мен шығармасын көп естіп өскен Абай еді. Мұхтардың бала кезінде атасы оны Абайға апарып батасын алуды ойлайды. Мұхтар да кішкентайынан Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін жаттап өскен. Тіпті Абаймен кездескен соң Мұхтар бала болып ойнауды азайтып, білімге біржолата бет бұрған» деп басталған Тұрсын ата әңгімесінен көкейімдегі сұрақтарға толықтай жауап алдым. Ұйып тыңдап отырып, өзіндік ой түйіп үлгердім. Атаның әр сөзі, әр әңгімесінің астарында үлкен ақыл, өмірлік сабақ болатын өсиет жатты. Біреуге жағымпаздануды, ақпараттың байыбына бармай, бұрмалап жеткізуді жек көретін жазушының қандай жағдайда да кімнің алдында да ақты ақ, қараны қара деп айтатын мінезділігі тәнті етті. Қазақ әдебиетіндегі кез келген қайраткердің, ақын-жазушының өзіндік орны барын, біреуінің айтқанымен екіншісіне баға беруге, біреуінің қарым-қатынасы арқылы басқасы туралы көзқарас қалыптастыру асығыстық екенін аңғартты. Тыңдай отырып, «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» екенін іштей мойындадым.
Тұрсын атамен әңгіменің әсерлі болғаны сондай сағаттардың қалай жылдам сырғығанын байқамадым. «Жақсымен өткен жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, атаның әр мысалында тәлім, әр әңгімесіне өсиет жатыр. Және ең бастысы, бұған дейін күмәнданып жүрген «Кім болам?» деген сауалдың жауабын нақтыладым. Иә, Мұхтардың әдебиетке келуіне себепші болған Абайдай, Тұрсын атамен арадағы әңгіме менің журналист болсам деген мақсатымды мықтады. Қазақ сөз өнерінің алыптары Абай мен Мұхтардың ізін жалғаған жазушы ата-ағаларымыз сияқты жаза білмесек те, «ұқсап бағуға» тырысатын боламын деген ой түйдім. Негізгі мақсатым болған жобадан жүлде алмасам да, мен бұл әңгімеден өміріме азық алдым. Мақсатыма жетіп, қалаған мамандығымның биігіне шығып жатсам, менің жүлдем сол болмақ.
Нұржігіт Нұрила
11-сынып оқушысы