«Азаматтарға арналған үкімет» мүгедектер мүддесі үшін

Жаңалықтар
641


Мүгедек дегеніміз - «жарымжан» адам деген емес, он екі мүшесінің бірінде ақауы бар адамды айтар болар. Ақыл-есі түзік, ортада өзін адекватты ұстай алатын қоғам мүшесінің мүмкіндігі шектеулі дегеніміз - оның азаматтық құқығына нұқсан келтіретін атау болмауы тиіс. Егер Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенер болсақ, мүгедек жандардың саны 1 миллиардқа жете қабыл көрінеді. Яғни әлемдегі халықтың 15 пайызын құрайды. 



Біздің елімізде 600 мыңнан астам осындай топқа жататын қалың қауым бар. Бұл дегеніңіз еліміздегі жұрттың 3,5 пайызына пара-пар келеді.

2015 жылы Қазақстанда мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенция ратификацияланып, осыған байланысты халықаралық стандарттарға сәйкес міндеттерді орындау іске асырыла бастады. Сондай-ақ «ҚР мүгедектердің құқығын қорғауға қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Заң да қабылданып, 2012-2018 жылдар аралығында олардың құқығын қорғау мен өмір сапасын көтеру негізіндегі бағдарламалар жасалып, қолданысқа ене бастады. 

Осы жасалып жатқан шаралардың түпкі мақсаты, оларды қоғам тынысынан шет қалдырмай, шама-шарқынша пайдалы еңбекке тартып, әрқашанда назарда ұстау болар. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», - деген еді. Аталған тұжырымның нақтыламасы ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы осы тұрғыда айтарлықтай кешенді шараларды іске асыруда.

Осы орайда барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүгедектерге арналған автотұрақ, пандустар, арнайы қабылдау үстелдері, шақыру қоңыраулары және көтерілу құралдары мен бағыт бергіш жазулар және браиль әріптері бар тақтайшалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, осы мекемеде арнайы курстардан өткен мамандардың қызмет көрсетуі жолға қойылған. Мысалы, ымдау тілінің аудармашысы, І және ІІ топтағы мүгедектердің үйіне барып қолқабыс жасау сияқты қызмет түрлері қарастырылған. 

Сондай-ақ Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен мүгедектерді жұмысқа тарту бойынша келісімшарт жасалған. Осы келісімнің шеңберінде мүгедектерді еңбекке тартудың 3 пайыздық квотасын орындау барысында оларды оқыту, кеңес беру және тестке дайындау жұмыстары қолға алынған. Қазіргі кезде филиалда 26 мүмкіндігі шектеулі азамат қызмет етіп жатыр. 

Бірінші топтағы мүгедектікке жататын Үмітқазиев Жасұлан Сайынғазыұлы деген азамат туралы айта кеткенді жөн көрдік. Ол Алматы қаласының Әуезов аудандық фронт-офисінде үш жылдан бері еңбек етіп келеді. «Тұран» колледжінің соңғы курсында оқып жүрген кезде, 2015 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығында өндірістік тәжірибе алады. Жас жігіттің жұмысқа бейімділігін байқаған басшылық оны тұрақты қызметке қалдырады. Осы күні ол анықтама бөлімі қызметкері. Оның қызметін күні бойы 1000-ға таман келушілер пайдаланды екен. Өз жұмысы туралы Жасұлан Үмітқазиев былай дейді: 

-        Осы Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен екі айлық тәжірибем – менің келешегіме жол ашқан ұмытылмас жаңалық болды. Өзімді басқалармен терезесі тең адамша сезініп, менен де елге пайда келетін керек адам екенімді аңғардым. Бастапқы мамандығым әлеуметтік сала қызметкері болса, енді заңгерліктің жоғары білімін игеріп жатырмын. Осылай жұмыс істей жүріп, сырттай білім алудамын. Биыл төртінші курста оқып жүрмін. 

Теориялық білім нақтылы іспен ұштасатын болса, әлдеқайда жеңіл болады екен. Жай ғана талон беріп қана қоймай, мемлекеттік қызметтер туралы халыққа ақпарат беріп, олардың құқықтық сауатын ашуға да ат салысудамын. 

Осы азаматтан өзге де мүгедектігі бар бірнеше адам осы мекемеде қызмет ететін көрінеді. Олар жұмыс беруші тарапынан ешқандай кедергі көрмей, ортақ талапқа сай орналасыпты. 

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл Әпетова мекеме қызметінің қыр-сырымен таныстырды.

-        Бізден қызмет алуға І, ІІ топтағы мүгедек жандар өз аяғымен келе алмаған жағдайда, шақырту бойынша олардың үйлеріне барамыз. Сонымен қатар, 1414 нөмірлі телефонға қоңырау шалып бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, керекті құжаттардың тізімін біліп, қабылдауға өтініш қалдыра алады. Осы орайда жедел топ құрылып, орталықтағы қызмет түрлерімен таныстыру, шақырушының келісімімен «Электронды үкімет» порталына тіркеп, электрондық қызмет алу үшін арнайы сандық қолтаңба рәсімдеу де жасалады. Егер клиенттің жағдайы мүлдем келмесе, олардың жақын туыстары филиал кеңсесіне өтініш тастап, барып қызмет көрсетуге мүмкіндік жасауы да қарастырылған. Мүгедектіктің қай тобы болмасын бәріне қызмет көрсете алуға жағдайымыз бар. Мысалы, есту қабілеті нашар адамдарға арнайы «Ымдау тілінің аудармашысы» курсынан өткен, қолдарында сертификаты бар мамандар қызмет көрсетеді. Осындай дайындықтан өткен инспекторлармен барлық бөлімдер қамтамасыз етілген. Бұның бәрі мүгедек жандарды алаламай, қоғам өміріне толыққанды араласуына жол ашатын қадам деп санаймын, - деп атап өтті Жаңыл Әпетова

Жоғарыда атап өткендей, елімізде «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңы жүзеге асырылуда. Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылдап, сонан бері бұл құжатты 151 ел ратификациялады.

Егер осы конвенция талаптарын тарқатып айтар болсақ: мүгедектер де дені сау азаматтардан еш айырмашылығы жоқ қолдау мен қорғауға құқығы бар қоғам мүшесі болып саналады. Қоғамдағы барлық құндылықтарды пайдаланып, игеруге құқылы. Оларды кемсітуге, мүмкіндіктерін бетіне басып шектеуге жол берілмейді. Керісінше адам баласына тән құрмет көрсетіліп, олардың қадыр-қасиеттері өз деңгейінде ардақталады.

Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы ұжымы да өз тараптарынан ауқымды істер атқарып, дәйекті нәтижелерге қол жеткізуде.

З. Самалбекұлы

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...