Қостанай облысында зауыт қызметкеріне жабайы жануар шабуыл жасады

ашық дереккөзден алынған

ЖАҢАЛЫҚТАР
330

2025 жылдың 22 қазанында Қостанай облысының Жітіқара ауданында орналасқан “Эталон” ЖШС кәсіпорны аумағында жабайы жануардың қатысуымен оқиға болды, деп хабарлады  MadeniPortal.kz .

Жергілікті билік мәліметінше, қауіпсіздік қызметінің қызметкері жұмыс ауысымы кезінде өндірістік алаңнан жабайы жануарды байқаған. Қызығушылық танытқан әйел жеке ұялы телефонына бейнежазба түсіріп, қауіпсіздік ережелерін елемей, жануармен байланыс орнатуға тырысқан. Сол сәтте жануар агрессия танытқан.

«Оқиға нәтижесінде зардап шеккен адам профилактикалық тексеруден өту үшін Жітіқара аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жүгінді. Медициналық қызметкерлер тексеру жүргізіп, барлық қажетті көмек, соның ішінде вакцинация жасады. Госпитализация қажет болған жоқ, зардап шеккеннің жағдайы тұрақты. Оқиға сәтінде түсірілген бейнежазба кейіннен үшінші тұлғаға рұқсатсыз берілген. 2025 жылдың 5 қарашасында бұл бейне мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде кеңінен тарай бастады. Осыған байланысты 2025 жылдың 6 қарашасында Жітіқара ауданының жергілікті атқарушы органы мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми ақпарат таратты», – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.

Қазіргі уақытта ауданда жергілікті атқарушы орган, прокуратура, полиция бөлімі, ветеринарлық станция, ветеринарлық инспекция және аңшылық қоғамының өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылып, өз қызметін атқарып жатыр.

Сондай-ақ, 109 call-орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол азаматтардан, соның ішінде елді мекендер аумағында жабайы жануарлардың пайда болуына қатысты өтініштерді қабылдайды.