200-ден астам бала уланған: Балабақша басшысы өмір бойына сотталды

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

PESTEL
126

Қытайда балаларға құрамында қорғасын бар тағам берген балабақша иесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мекеменің тағы бес қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz bbc басылымына сілтеме жасап.

Оқиға Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй қаласында орналасқан Heshi Peixin балабақшасында болған. Тергеу барысында мекеме басшылығы балаларға ұсынылатын тағамдардың сыртқы көрінісін тартымды ету үшін асхана қызметкерлеріне жеуге жарамсыз бояу қосуды тапсырғаны анықталды.

235 бала қорғасыннан уланған

2025 жылдың шілде айында жүргізілген тексеру нәтижесінде балабақшадағы 247 бала мен қызметкердің қанынан қорғасын мөлшерінің шамадан тыс жоғары екені анықталған. Оның ішінде 235 бала қорғасыннан улану диагнозымен ем қабылдауға мәжбүр болған. 

Мамандар балаларға берілген құрма қосылған бәліштер мен жүгері тоқаштарын тексерген. Зерттеу нәтижесінде тағамдардың құрамынан қорғасын табылған. Кейбір өнімдердегі улы заттың мөлшері Қытайда белгіленген қауіпсіздік нормасынан 2 мың еседен астам жоғары болған.

Балабақша басшылығы мен қызметкерлеріне үкім шықты

Тергеу қорытындысы бойынша, балабақша иесі Ли Хуэйфан мен мекеме басшылығы асхана қызметкерлеріне тағамға улы бояу қосуды тапсырғаны белгілі болды.

Сот Ли Хуэйфанды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оның 500 мың юаньға, яғни шамамен 33,8 миллион теңгеге бағаланған жеке мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.

Балабақшаның атқарушы директоры 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал асханада жұмыс істеген төрт қызметкер 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Шенеуніктер мен медицина қызметкерлері оқиғаны жасырмақ болған

Істі тергеу кезінде жергілікті шенеуніктер мен медицина қызметкерлерінің улану дерегін жасыруға әрекет жасағаны анықталды. Олар балалардың қан талдауының нәтижелерін бұрмалап, балабақша инвесторынан пара алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қорғасыннан улану әсіресе кішкентай балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Улы зат ми мен орталық жүйке жүйесіне ауыр зақым келтіруі мүмкін.

Осы оқиғадан кейін Қытайда білім беру мекемелеріндегі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа талаптар енгізілді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

  Астанада нарықтағы бағадан арзан пәтер сатып алғысы келген әйел алаяқтықтың...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратында бі...