Медициналық эвакуация ұшағы Филадельфияның солтүстік-шығысында әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай...
БҰҰ: Газа 70 жылдық даму жолынан айырылды
Фото: unicef.org
Палестина тарихтағы ең терең экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр — Газа экономикасы құлдырады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) жаңа есебінде анклавтағы ЖІӨ-нің төмендеуі «бұрын-соңды болмаған және апатты» делінген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
ЮНКТАД бас хатшысының орынбасары Педро Мануэль Морено оккупацияланған Палестина аумағының 2025 жылға арналған экономикалық болжамы туралы есебін ұсына отырып, жылдар бойы қозғалысқа қойылған шектеулер әскери әрекеттердің әсерімен бірге «ондаған жылдар бойы жүргізілген прогресті жоққа шығарып», Газа мен Батыс жағалауын қирандыға айналдырғанын атап өтті.
Бүгін біз көріп отырған жағдай өте алаңдатарлық. Газа тарихтағы ең жылдам және жойқын экономикалық құлдырауды бастан кешіп отыр, - деді ол.
ЮНКТАД мәліметінше, Газаның ЖІӨ 2024 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 83 пайызға қысқарды, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ жылына 161 долларға дейін төмендеді – бұл тәулігіне 50 центтен аз, бұл әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Сектор экономикасы 2022 жылғы деңгейдің тек 13 пайызын құрап отыр.
ЮНКТАД-тың Палестина халқын қолдау жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі, аға экономист Мутасим Элаграа дағдарыстың жеті онжылдық дамуды іс жүзінде жойғанын атап өтті.
Газа экономикасы 2022 жылдан бері өз құнының 87 пайызын жоғалтты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 22 жыл бұрынғы деңгейге оралды. Бұл соңғы онжылдықтарда тіркелген ең ауыр экономикалық дағдарыс, - деп атап өтті ол.
Экономисттің айтуынша, жұмыссыздық жалпы алғанда 50 пайызға, ал Газада 80 пайыздан асты.
Батыс жағалауы тарихтағы ең елеулі экономикалық құлдырауға тап болды: ЖІӨ 2024 жылы 17 пайызға, ал жан басына шаққандағы табыс шамамен 19 пайызға төмендеді.
ЮНКТАД бағалауынша, тұрақсыздықтың артуы, қозғалысқа шектеулердің күшеюі, қоныстардың кеңеюі және Батыс жағалаудағы жердің 60 пайызына қол жеткізе алмау «ондаған жылдар бойы экономикалық өсімді тежеп», одан әрі қалпына келуді айтарлықтай шектеп отыр.
Морено Палестинаның қаржылық жағдайы «тарихтағы ең нашар» екенін атап өтті. Жағдайға кірістердің қысқаруы және салық түсімдерінің үштен екісінен астамын құрайтын фискалдық трансферттердің тоқтатылуы әсер етіп отыр.
Баяндамада Газадағы барлық мектеп пен университеттердің қирауы балаларды білім алу мүмкіндігінен айырғаны айтылған. Сарапшылардың атап өтуінше, бұл әрекеттердің салдары ұрпақтан-ұрпаққа сезілетін болады.
Элаграаның айтуынша, «білім беру жүйесі, дағдыларды дамыту және адами капиталдың барлық негізі жойылды».
Газа 70 жылдық дамуын жоғалтты, - деді ол.