Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс ж...
Вашингтон төріндегі баға: АҚШ Конгресі Қазақстандағы діни бостандыққа қандай баға берді?
Madeniet Portaly
Мұхиттың арғы жағында, АҚШ-тың саяси жүрегі – Конгресс ғимаратында Қазақстанның діни саясатына арналған арнайы баяндама таныстырылды. Тәуелсіз америкалық сарапшылар Астанадан Атырауға дейінгі қалаларды аралап, еліміздегі діни ахуалға «рентген» жасап қайтқан еді. Нәтиже қандай? Президенттің «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы діни қауымдастықпен диалог орнатуға қалай әсер етті?
Тәуелсіз көзқарас: Бетпе-бет сұхбат
Вашингтонда жарық көрген бұл есеп – кабинетте отырып жазылған құжат емес. Бұл – қыркүйек айында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қарсаңында жүргізілген ауқымды далалық зерттеудің жемісі.
Қазақстан тарапының арнайы шақыруымен келген шетелдік мамандар еліміздің бірнеше өңірін аралады. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Атырау қалаларында болып, түрлі діни топ өкілдерімен ешқандай боямасыз, бетпе-бет кездесулер өткізді.
«Тыңдаушы мемлекет» және жаңа парадигма
Зерттеу тобының назарын аударған басты жайт – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нәтижесі.
Сарапшылардың пікірінше, осы саясаттың арқасында мемлекет пен діни бірлестіктер арасында тиімді диалог алаңдары пайда болған. Ең басты өзгеріс – көзқарастың өзгеруінде. Егер бұрын кейбір діни топтарға «қауіп ошағы» ретінде қарау басым болса, қазір олар радикализммен күрестегі сенімді әріптес ретінде қабылдана бастаған. Бұл – қоғамдық келісімнің жаңа деңгейі.
Есепте сондай-ақ Қазақстанның мынадай стратегиялық қадамдарына жоғары баға берілген:
- «Жусан» операциясы: Азаматтарды соғыс аймағынан қайтарудағы гуманитарлық миссия;
- Діндер съезі: Жаһандық діни диалог алаңы;
- Көпвекторлы саясат: Лаңкестікпен күрестегі халықаралық ынтымақтастық.
«Стандартты қалыптан» тыс: Сарапшылар не дейді?
Баяндама авторлары Қазақстандағы жағдайды бағалауда біржақтылықтан ада болғанын айтады.
Уэйд Кюсак, «Love Your Neighbor Community» ұйымының президенті:
«Белгілі бір елдегі діни бостандық деңгейін бағалағанда, сол қоғамды құдды бір вакуум ішінде өмір сүріп жатқандай қабылдап, сыртқы әсерлерді ұмыт қалдыру – қателік. Өзге елдердің тәжірибесіне негізделген "халықаралық стандарттармен" ғана шешім шығару бізді қынжылтады. Біз Қазақстанның тарихи және геосаяси жағдайын, қауіпсіздік мәселелерін және заңнамалық ерекшеліктерін толық ескердік».
Крис Сайпл, аға зерттеуші:
«Бұл есеп ешбір үкіметтік ұйымның араласуынсыз, толықтай тәуелсіз жасалды. Қазақстанның бізді ашық шақыруы, ресми органдардан жауап алу мүмкіндігі және діни топтармен емін-еркін сөйлесуіміз – АҚШ Конгресі мен Мемлекеттік департаментіне берілген ашық белгі. Бұл елдің сындарлы диалогқа және оң өзгерістерге дайын екенін көрсетеді».
АҚШ Конгресінде таныстырылған бұл құжат – Қазақстанның діни саясатының халықаралық деңгейдегі мойындалуы деуге негіз бар. «Жусан» операциясынан бастап, Съездер өткізуге дейінгі ауқымды жұмыстар еліміздің діни төзімділік пен қауіпсіздік саласында өзіндік, бірегей моделін қалыптастырғанын дәлелдейді.
MADENIPORTAL.KZ шолушысы