Есік тық-тық қағылып, ақырын ашылды да, Мұстафин Ғабиден аға кіре берді. Жайдары үнмен: – Мож...
Сәкөннің сары автобусы
Фотосуретті автор ұсынған
Ол кезде Сәкөннің сары автобусы ауыл мен қаланы жалғайтын жалғыз «елші» еді.
Қаладан үш жүз шақырымға жуық қашықтықта жатқан Жалпақтал ауылының жұрты қалаға барса да, ауылға қайтса да, Сәкөннің сары автобусын іздейтін. Тойға керек-жарағын, дүкеніне тауарын, тіпті үйге қажет техникасын, жиһазын осы 333 нөмірлі көлікпен алдыратын.
Сол автобуспен таңда қалаға жол жүремін. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырдым, грантқа түстім. Енді міне, санаулы күндерден соң студент атанып, оқуымды бастаймын. Өзіме көңілім толып, толқып ұйықтай алар емеспін.
Өмірімнің жаңа парағы ашылғалы тұрған қалаға мені кемедей сары автобус шоқалақ жолда селкілдетіп жеткізеді ғой, шіркін. Оның селкілдегені – қуаныштан секіргені, салдырлаған үні – ән салғаны, ал есігінің тарсылы менімен бірге қуанып, қол шапалақтап бара жатқандай болар еді.
Маңдайшасында тұмардай ілулі тұрған «Көлденеңнің көзінен сақтасын,
Сөйлегеннің сөзінен сақтасын» деген бір ауыз сөзбен менің болашағыма бата беріп тұрғандай…
Сәкөн аға сары автобустан бір орынды маған дайындап қойған шығар. Терезенің жанында ма екен, ең артқы жайлы орын ба екен, әлде мотордың үстіндегі мақтадай алдыңғы орын ба екен?! Ала сөмкенің үстіне отырып барсам да, арман жоқ тулаған көңілде.
Майлыаяқ осы жолы да жанармай бекетіне дейін автобус соңынан ілесіп барар ма екен?! Қожайыны автобусын тұтатса, ол да құйрығы бұлғаңдап үйшігінен шыға келетін. Оралға шыққан әр сапарында сары автобусты ауылдың шетіне дейін шығарып салатын Майлыаяқ қаладан қайтқанда қожайынының майлы шұжық әкелетінін білетін. Майлыаяқ та таңды мен секілді күтіп жатқан шығар. Әлде түсінде шұжығын жеп, тәтті ұйқыда жатыр ма екен?!
Жазғы орнында тұрған сары автобус қанша адамды бақытты қып жүргенін біле ме екен өзі? Жазғы орны дейтінім – осы аула. Ал қыста өрт сөндіру мекемесінің жылы гаражын мекен етеді. Жеке адамның көлігі болса да, Сәкөн ағаның ауылдастарға жасап жүрген жақсылығын ескеріп, мекеме басшылығы, ауыл әкімдігі автобусқа осы жерден жайлы орын тауып берген еді. Жылдар бойы сары автобус өрт сөндіруші көліктей, ал Сәкөн аға сол мекеме ұжымының мүшесі секілді болып кетті.
Әр рейстен келгенін шай-тамағын дайындап, үйінде жары Бақытжамал күтіп отыратын. Ол – Сәкөннің жары ғана емес, алғашқы қолдаушысы. Ауыл тұрғындары үшін жасаған жақсылығын құптап, жол азабынан үйіне жете алмай қалған жолаушыларға төрінде дастарханы, төсегі дайын тұратын. «Аз ақша әкелдің» деп ешқашан бетіне басқан емес! Қос қызғалдағы Динара мен Данагүл, ұлы Айбек әкесінің тәтті әкелгенін көз ілмей күтіп жататын.
Тезірек таң атып, қожайынының сүйікті «Құстар қайтып барады» әнімен сары автобус жетіп келсе деген ой әннің әуенін қайта-қайта құлағыма әкеліп, ұйқымды ашып жіберді.
Таңды күтпей, қазір-ақ шығып кетсек қой…
Ауыл түні осынша ұзақ болар ма?! Ашық тұрған терезеден естілген шегіртке шырылы түнімен тоқтамады.
Таң енді қызарып келеді. Ең бірінші болып сиырларын өріске көрші Қапипа апа шығарады. Содан кейін қызыл сиыры мен көк сиырын айдап атам шығады. Әжем сауған сүтін тартып, қалаға алып кететін қаймағын қамдауға кіріскен.
Сепаратордың дауысымен таласып, енді қойдың маңыраған дауысы шыға бастады.
«Советскийдің» басындағы үй бүгін тағы қойын көршісіне қосып жіберіпті. Кейбірі қойды молданың дүкенінен асырып айдаса, енді бірі Сапаш ақаның үйіне дейін жеткізе салып, өздері сол үйдің алдындағы орындыққа отыра кетіп, амандық-саулық сұрасып, арты қызу әңгімеге ұласатын.
Таңмен таласып оянған ауыл тұрғындары осылайша бүгінгі күнге аман өргендеріне қуанып, бір-бірімен шүйіркелесіп жатты. Енді «қарттар үйіне» көк сүт, айран, қаймақ тасу басталды. Бұл да ауылдың жазылмаған заңы еді. Қарттар үйіндегі әр мұқтаж жанға аспен, киім-кешекпен, төсек-орынмен көмектесу ауыл тұрғындары үшін қалыпты іс еді. Өз дастарқанының жартысын соларға таситын.
Бұл жақтағы тамыз таңы міне, осылай ататын.
Қызының оқуға түскенін айтып сүйіншілеткен атама:
– Төрт жыл бойы қызыңды тегін тасимын, қайнаға, – деп қуантқан еді төлеңгіттің қызын алған автобус иесі.
Сағат тілі жетіге таяп қалды. Сөмкемді асынып, есік алдындағы жасыл орындықта күтіп отырмын. Сары автобустың келетін уақыты асып барады.
– Бүгін Сәкөн кешікті ғой, – дейді әжем.
– Иә, оқуға баратын балалар көп. Бұлай кешікпеуші еді… Автобусына бірдеңе болып қалмаса, – деп қолымен көзін көлегейлеп, базар жаққа мойнын созып қарайды атам.
Бұл ауылдың оқудағы балаларын екі ортаға тегін тасуды Сәкөн аға өзіне міндет санайтын. Ет-майын, киімдерін, ақшаны – барлығын мекенжайына дейін жеткізіп, ақша жібермеген балаларға өз қалтасынан тапқанын қыстырып кететін.
Ешкімнің тауын қайтармай, барлық баланы қаладан каникулға алып келе жатып, жолда тоқтатқан полиция қызметкеріне:
– Перегрузың не? Қалдырып кет дегенің қалай? Бәрі әке-шешелері аманаттап тапсырған ауылдың балалары. Қалай қалдырып кетемін? Жоқ, бұлай болмайды, айналайын. Штрафымды жазып бер, тек жолаушыларымды жайына қалдырсаң болды, – деді.
Содан бері олар Сәкөн ағаны мазаламады. Керісінше, көрген жерінде «не көмек керек, аға?» дейтін болды.
Ауыл арасында «Студенттердің спонсоры» атанған Сәкөн ағаға ауыл тұрғындары Алматыдан каникулға келе жатқан балаларын ала кел деп аманаттап қоятын. Бәлен шақырымды артта қалдырып, ауылын аңсап келе жатқан студенттердің ең алғаш көретін жақын адамдары – Сәкөн аға еді.
Әскерден келгендерді де үйлеріне сары автобус жеткізетін. Олар да Сәкөн ағаны көре қалса, оң қолын шекесіне қойып, әскерше сәлемдесетін.
Сары автобусқа отырып ауылға асыққан балалар Телевышканы көруге таласып, ол көрінсе, ауылға дейін автобус болып ән шырқап келетін. Мәдина Ералиева мен Нұрлан Өнербаевтың кассеталарын бірнеше қайтара тыңдауға тек қуанушы еді.
Ал студенттер оқуда болған кезде «Адам да балық сияқты, бірде бар, бірде жоқ» деп, жартылай бос көлікпен де жолға шығып кететін.
Сондай кездерде бірінің бергенін алып, бірінің алғысын қанағат тұтатын.
Оның бойына осындай еңбекқорлық пен адалдықты нағашы атасы Мекетай сіңірген. Жастайынан еңбекке баулып, әр істі адал орындауға үйреткен атасы Сәкөн үшін әке де, ана да бола білді. Үлкеннің алдына шықпайтын, кішіге қамқор қасиетіне ел сүйсінетін. Мектептегі ұстаздарын көрсе, үйреткен жыр-тақпақтарын айтып беріп, бір көтеріп тастайтын.
Ауылдың оркестрі де, пионер лагеріне баратын оқушылар да, ауру-сырқау да, босануға шыққан келіншектер де сары автобусқа сеніммен отыратын.
Бірде қақаған қыста қаладан ауылға шыққан автобус ақ боранға қалып, жүрісін тоқтатады. Сол кезде жақын маңдағы Шапай ауылындағы үй-үйлерге жолаушыларын бөліп орналастырып, таңертең қайтадан жинап, ауылға аман жеткізген.
Сары автобус ауылға талай келін де алып келген еді. Бірде қалтасында көк тиыны жоқ ауылдың баласы қаладан үйге қайтпақ болып, Сәкөн ағаға жасқана жақындап жағдайын түсіндіреді.
– Тек өзің бе? Адам толық, артқа сыйысып отырам десең ала кетейін, – дейді.
– Жоқ, жалғыз емеспін. Анамның қолын ұзартпақпын, ауылға келін апара жатырмын, – дейді күмілжіп.
– Өөей, басынан айтпайсың ба? Келін апара жатқан інімді жақсы орынға отырғызам ғой, – дейді алдыңғы орынды босатып жатып. – Келінжан, енді ауылға жеткізер Сәкөн ағаң мен сары автобусты ұмытпа, көргенде амандасып жүр, айналайын. Бақытты болыңдар! – деп, өзі келін түсіргендей бір қуанып, бір қобалжып қалды.
Орал мен Жалпақтал арасындағы ауылдан шыққан жолаушылар да сары автобусты көрсе, іші толы болса да, жолда қалдырмайтынын білетін. Адам аздай, тауар да үйіліп жататын. Көлік секіргенде үстіне бірге секірген тауарды қайтадан артқа лақтырып отыра беретін.
Бірде көліктің моторы қызып, барлығы бой сергітіп көліктен түседі. Сөйтсе, автобус ішінен шыққан адам саны жетпіске жеткен екен.
Бүгін қанша адам баратынымыз белгісіз. Кірпік айқастырмай таңды әрең атырғанда, Сәкөн ағаның кешігіп жатқанына байыз таппай отырмын.
Сары автобус тура бір сағатқа кешікті.
«Не болып қалды екен?» деп атам мен әжем шынымен уайымдай бастады. Әжем телефон кітапшасынан «Сәкөн – сары автобус» деп жазулы тұрған нөмірді тауып алып, телефонның цифрларына саусағын салып бұрап жатыр. 2–1–1–8–7.
– Айналайын, Сәкөнді күтіп отыр едік, – деп айтып бастағаны сол еді, бірден дауысы, түрі өзгеріп, әжем «не, қалай» дегеннен басқасын айта алмай тұрып қалды.
– Сәкөнді оң жаққа қойып жатырмыз, апа. Таңға жақын жүріп кетті, – деді тұтқаның ар жағындағы ащы дауыс…
– Қой, не дейді, қателесіп басқа нөмірді теріп қойған жоқсың ба? – деп атам қайта-қайта сұрайды.
Бар шаруа жайына қалып, атам мен әжем алқынып сол үйге қарай кетті. Жолай көршілерге айтып, ауыл тұрғындары түгел сол жаққа ағылды.
«Мына балаларды қалаға жеткізуім керек. Осы рейстен соң демаламын» деген Сәкөн ағаның демі елуді енді еңсерген шағында мәңгіге үзіліп кете барды. Сол күні ауыл түгел қара жамылды. Құс біткен жылағандай шырылдап, қас қағым сәтте күн құбылып, ауылдастардың қайғысын бөліскісі келгендей аспан да бірге жылады.
Сәкөн аға үшін сары автобус оның жұмыс орны еді ғой. Жүргізуші орнына еш уақытта майкамен, тәпішкемен отырып көрмеген. Костюм мен шалбар, ақ көйлегін киіп, белбеуін тағып, басы жабық аяқ киіммен жолға шығатын.
Бауырмал Балшығымен 12 сағат жол жүрген кездерде:
– Сәкөн аға, осы жолды қашан жасайды екен? – деп сұраған жас балаға:
– Жасайды ғой. Ол кезді сендер көрерсіңдер. Ал біз болмаймыз ғой, – деп еді жымиып.
Шынымен, сол күнге жете алмағаны ма?
Адамның көптігінен сары автобустың төбесі ғана көрінеді. Бұндай көп адамды көріп жүр-ау, бірақ олардың неге ішке қарай кіріп, орындарына отырмай жатқандарын түсінбей тұрғандай. Оның үстіне кілт сылдыры да естілмейді. Осылайша сары автобус Сәкөнін жоқтап тұрды. Оған жан бітірген иесі еді ғой. Ал енді оның да жүрегі тоқтағандай… Сары автобус осы жолы сағыныштан сарғайып кеткендей…
Ауыл үш күн аза тұтты батырын. Жаназа күні ешкім жұмысқа бармады. Барлық мекеме көліктері осы жаққа жұмылдырылды. Көлік басы «Құлақ» зиратында болса, соңы үйден енді қозғала бастаған еді.
Өзінің сүйікті әніндегідей өскен жерін қимай кетіп, қимай кетіп бара жатты. Көктемде тамаша әнмен келген құстар да сол жылы күз басталарын күтпей ұшып кеткен.
Пейілі кең Сәкөн аға да, іші кең сары автобус та ауылдастар үшін мәңгілік сағынышқа айналып қала берді…
Содан бері, міне, тура 15 жыл уақыт өтті.
Орал мен Жалпақтал арасына тақтайдай жол салынды. Қазір халықтың жағдайы әлдеқайда жақсы. Әркімнің өз көлігі бар, ал көлігі жоқтар жеке такси арқылы жолға шығады.
Жайлы орынға жайғасып, 2,5 сағатта зыр етіп қалаға жетіп алатын қазіргі жолаушы бір кездері бүкіл ауылдың бір ғана автобуста тауармен бірге сығылысып отырып сыр бөліскенін, жолда тәуліктеп жүріп, жол азабын көрсе де, бір үйдің баласындай бір-бірінің тілеуін тілеп, сол автобустың ішінде өскенін сезбейтін де шығар?! Сенбейтін де шығар?!
Авторы: Айдана Сұлтанмахмуд