«ҚҰТ» фильмі несімен құнды?

Фото ашық дереккөзден

ҚАЗАҚ КИНОСЫ
113

ТУҒАН ЖЕР – ҚҰТ МЕКЕН, ЖАС ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

 

Белгілі режиссер Айхан Чатаеваның «ҚҰТ» фильмінің премьерасы өткен аптаның соңында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильм қазір республика бойынша үлкен экрандарда көрсетілуде. MadeniPortal назарларыңызға осы кинотуынды туралы пікірлердің бір парасын ұсынып отыр.

Ғазиз Шалдыбаев,
продюсер, «Қадам» кинокомпаниясының негізін қалаушы:

Белгілі кинорежиссер Айхан Чатаеваның «Құт» картинасы қазіргі қазақ киносының жауһары деуге тұрарлық. Бұл – жанрлық киноның балалар мен авторлық фильмдерге бейімделу синтезі. Картинаның көппланды драматургиясында параллель сюжеттік желілер мен күрделі уақыттық құрылым өте табиғи дамиды. Фильмде ортағасырлық қатыгездіктің қазіргі әлемде де орын алып отырғанын көрсететін миф пен шындықтың шебер үйлесімі бар. Және де бұл картинада Айхан Чатаеваның барлық фильмдерінде танылатын авторлық кинотілі бар. Көне түркілік аңыздар мен қазақы дүниетанымды авторлық қайта зерделеу мен күрделі психологиялық тақырыптарды зерттеу көрерменнің шынайы сезімдік ортақтасуына және ой қорытуға бастайды. Бұл жерде фильмнің сюжетін айтып, кейіпкерлердің қимыл-қарекеттерін талдаудың орны жоқ, себебі бұл кинотуындыны әр көрерменнің өзі көріп, өзі ойланып, талдап-талқылағаны дұрыс болады. Демек, әрбір ойлы көрермен «ҚҰТ» фильміне баруы ғанибет болар еді.

Кенжебай Дүйсембаев,
режиссер, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі:

Қазақ үшін жер, туған жер – құт мекен. Қай кезде де аса қастерлі, маңызды ұғым. Ежелден жер дауы мен жесір дауының орны бөлек болғаны да белгілі. Ал бүгінгі таңда халықтың санасында тұрған үлкен мәселенің бірі – жер мәселесі. Белгілі режиссер Айхан Чатаеваның «Құт» фильмінде де негізінен осы жер дауы өзекті мәселе етіп алынған. Фильм кейіпкері Рақымбай ақсақалдың (актер Қонысбек Бегайдаров) немересі Қайсарға (Заңғар Тұрсынқазы) «...жерден айырылсақ – елден де айырыламыз» деуінің үлкен мәні бар. «...Туған жерді аялай білу керек» деуі – ең бір жан тебірентер сөз. Бұл тұста алысқа бармай-ақ, қазіргі кезде қоғамда қызу пікірталас тудырып жатқан мәселелердің бірі – Алматы маңындағы «Көкжайлау», сондай-ақ мал жайылымынсыз қалған ауылдар ойға оралады... Режиссер Чатаеваның бүгінгі өзекті мәселені дөп басуы оның азаматтық сергектігінің көрінісі деуге болады. Яғни режиссер ата-бабаларымыздың қасиетті рухын қастерлеу, олар аманаттап кеткен туған жердің қадірін білу, оны көздің қарашығындай сақтау керек, әйтпесе халықтың болашағы бұлыңғыр, елден құт қашады деген ұстанымды көрерменге нық ұқтырып отыр. Фильмнің басында режиссер «Марқұм әкем Рақымбайдың рухына» деп бекер жазбаса керек. Бұл – ата-баба, әке өсиетіне адалдық. Фильмде үлкен буын, белгілі актер Қ. Бегайдаровтың (Рақымбай ата), белгілі актриса Д. Күшкенбайқызының (Оралхан апа) шебер ойындары, табиғи, қазақы мақамды үні фильмге ерекше нәр беріп тұрғаны сөзсіз.

Фильм көне аңыз-әфсана кезеңінен басталып, ширатыла келе бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке, өз жерін қадірлеп-қастерлеуге шақырады. Кинотуынды финалында бүгінгі жас жеткіншектердің атасының арманын орындау мақсатында қол ұстасып алға жүруі, олардың қатары бірте-бірте көбейіп, бүкіл экранды толтыра болашаққа нық қадам басуы үлкен философиялық шешімге әкеледі!..

Зейнегүл Сейсенова, журналист:

– Айхан Чатаеваның «ҚҰТ» фильмі – қазақ киносының үлкен жетістігі. Бұл – мейірімге толы, имандылығы іргетас жасампаз фильм. Актерлер ойыны, әсіресе балалар – З. Тұрсынғазы, Б. Ақылбекұлы, А. Максотова және Рақымбай ата – Қ. Бекайдаров соншалықты табиғи да керемет шыққан. Әулие рөліндегі Ә. Бөпежанованың фактурасы жақсы және ұстамды ойын өрнегі мағыналы.

Фильмнің бейнеқатары да көз суарады: нөсер жаңбыр, түн ішінде Рақымбай атаны іздеу; ойламаған жерден жел ұйытқығанда, бәйбішесі Рақымбайдың бақиға аттанғанын түсінуі; финалда нық сеніммен үлкен жолмен алға жүріп келе жатқан балалардың қатары үздіксіз толығып, ақырында бүкіл экранды толтыруы...

Айхан фильмінің идеясы терең, месседжі айқын. Бұл тұста бір айтарым – егер фильмнің жанры фэнтези деп анықталса, орталық кейіпкері Әулие болса керек еді, өйткені қазіргі уақытта да Қара Мергендер жеткілікті ғой. Алайда бұл – менің мұныма режиссердің келіспеуге толық құқы бар. Фильмге бірге барған сіңлім де бұл пікіріме мүлдем қарсы шықты. «ҚҰТ» – керемет фильм, деді ол. Көрермендердің фильмді керемет қабылдаған реакциясын байқағанда, онымен келіспеске еш әддім жоқ.

Нина Ашканова, продюсер:

«ҚҰТ» фильмі аяқталып, титрлері түгел оқылып, экран өшіп, кинозал қараңғыланғанша, дүйім көрермен қауымы еш қозғалмастан үнсіз отырды. Ешкім әдеттегідей кетуге де асыққан жоқ, тек шам жанғанда, ду қол шапалақтау естілді. Қасымда отырған адамдардан себебін сұрап едім, фильмге әсерленгеніміз сонша – біткеніне сенбей, фильммен қоштасқымыз келмегендей болдық, деді.

Ашығын айтқанда, фильм маған да өте ұнады, сондықтан өзге де көрермендермен ой бөліскім келді. Түсірілген локациялардың ерекше көріністері, суретші А. Шиндиннің ерекше жасалған декорациялары, киім суретшілері А. Әубәкірова мен Ә. Имашеваның костюмдері, әрине, оператор Б. Трошевтың сезімтал камерасы көз сүйсіндіреді. Әсіресе, үш жас баланың кейіпкерлері – Қайсар, Жайдар, Дария (З. Тұрсынқазы, Б. Ақылбекұлы, А. Мақсотова), танымал белгілі актерлер Қ. Бекайдаров (ауылдың сыйлы ақсақалы Рақымбай), Д. Күшкенбайқызы (Оралхан апа), Г. Хасанова (Қайсардың анасы), өте ерекше актер Б. Момынжанов сомдаған Қара Мерген жауыз, М. Қапалбеков (Ақымбай) көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ал композитор Ә. Жарасқанның музыкасы тіпті жаныңды тебірентеді.

Фильм негізі балалар мен жасөспірімдерге арналып, фэнтези жанрында түсірілген, бірақ ересек аудиторияны да қызықтырады, себебі терең ойлы. Қазақ киносында мұндай фильм көптен бері болған емес. Батыстық фэнтези фильмдерден өзгешелігі – көне түрік мифологиясына негізделгені. Біздер өзіміздің қасиетті Тәңірі, Ұмай ана, Көкбөрі, От пен Су және фильмнің түпкі ойы ата-бабаларымыздың рухын қастерлеп, Жаратушының сыйы – ҚҰТымызды қашырмауымыз керек.

Сценарий құрылымы көпқырлы болғанымен, бірсырлы. Бала Қайсардың қиялында түркілер заманы болса, өзі бүгіннің жасөспірімі. Ол өзін Қайсар батырға ұқсатып, Ақтоғайдың жерін алам деген жауыз Қара Мергенге қарсы тұрады, рухтар елшісі, ауылдың құтын сақтайтын Әулиенің (Ә. Бөпежанова) сырын білгісі келеді.

Ақтоғай ауылының тіршілігінен бүгінгі әлеуметтің тыныс-тіршілігі көрінеді. Үш бала да әкесіз өсіп келеді. Аналары болса ақша табу үшін вахталық жұмысқа кетеді. Рақымбай атасы, Оралхан апасымен қалған балалар солармен бірдей тіршілік етеді. Екеуінің түнгі әңгімесінде олар балаларының болашағын ойлап мұңаяды. Жаратушының берген ҚҰТы осы балалар мен туған жер екенін көрермен осы әңгімеден ұғады.

Фильмнің түпкі ойы – туған жерге деген махаббат, отбасының, ана тілінің құндылығы – біздің, сіздің және балаларымыздың болашағы. Фильм біткен кезде қасымда отырған бірер көрерменнен:

– «ҚҰТ» сізге қандай ой салды? – деп сұрадым.

Ал бірдей жауаптары үлкен сауалға ұласты:

– Біздер балаларымызға, болашақ ұрпаққа нені қалдырамыз?!

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова ұлы дүниеге келгеннен кейін бастан өткерген ауыр сынақтар...

Шоу-бизнес

Жұртшылыққа "Хан" деген атпен танымал белгілі асаба Қасым Өтешев қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 10 т...