Алматыдағы «екінші жастық шақ»: белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қарттарға не береді?

Madeniet Portaly

АЙМАҚТАР
294

Зейнетке шығу – өмірдің соңы емес, жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Алматыда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұрған Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары (БҰӨО) осы сөздің айқын дәлеліне айналды. Бұл жерде қариялар тек уақыт өткізіп қана қоймайды, олар жаңа өнер үйренеді, шет тілдерін меңгереді, денсаулығын түзеп, ең бастысы – рухани жалғыздықтан арылады. Аға буынның өміріне жаңа серпін берген орталықтардың тыныс-тіршілігіне үңіліп көрдік.

Қазыналы қарттардың сүйікті мекені

Бұрындары «зейнеткер» дегенде көз алдымызға үйде немесе аула сәкісінде отыратын қариялар елестейтін. Бүгінгі Алматының келбеті мүлдем басқа. Қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары – жай ғана әлеуметтік нысан емес, нағыз өмір қайнаған ортаға, үлкендердің «тартылыс нүктесіне» айналып үлгерді.

Бұл орталықтардың есігін ашқан адам ерекше атмосфераға тап болады. Мұндағы шынайылық, өзара құрмет пен кәсібилік бірден баурап алады. Орталықтарда аға буын өкілдері үшін барлық жағдай жасалған:

Денсаулық: Йога, айкуне, емдік дене шынықтыру (ЛФК), скандинавтық жүріс.

Шығармашылық: Би, вокал, бейнелеу өнері, қолөнер шеберханалары.

Білім: IT-сауаттылық (смартфон мен компьютерді меңгеру), ағылшын және қазақ тілдері курстары.

Кәсіби көмек: Дәрігер-геронтологтар, психолог-кинезиологтар және заңгерлер тегін кеңес береді.

 

 

«Жай ғана уақыт өткізу емес...»

Орталықтың мақсаты – қарттарды бос отырғызбау ғана емес, олардың қоғамға керек екенін сезіндіру. Бостандық аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Қалимаш Рахимбаева бұл жобаның терең әлеуметтік миссиясы бар екенін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – адамдарға белсенді, пайдалы және қоғам өміріне араласқан тұлға болып қалуға мүмкіндік беру. Біз күн сайын қатысушылардың қалай өзгеріп жатқанын көреміз: олардың бойында энергия тасып, өзіне деген сенімділік артып, жаңалыққа жаны құмар болып келеді. Бұл – жай ғана «уақыт өткізу» емес, өмірге деген қызығушылықты сақтаудың, қабілеттерді дамытудың және когнитивті белсенділікті қолдаудың нақты мүмкіндігі. Мұндай формат зейнеткерлерге «мен зейнетке шықтым, өмір бітті» деген ойдан арылып, үнемі қозғалыста болуға көмектеседі», – дейді орталық басшысы.

 

Халық үні: Өмір өзгерген сәт

Бұл өзгерістерді орталыққа келушілердің жарқын жүздері мен шынайы пікірлерінен-ақ байқауға болады.

«Hello, my friend!» немесе жадыны жаттықтыру. Ағылшын тілі курсы мен оның тренері Сергей Ли туралы апалар мен аталар ерекше жылылықпен айтады: «Біздің Сергей Дмитриевич – ең озық мұғалім! Онымен грамматика да, сөйлесу де өте жеңіл өтеді. Тіпті шетелге шыққанда, енді өзімізге не керектігін қорықпай түсіндіре алатын деңгейге жеттік. Ең бастысы – ми жұмыс істейді, жадымыз жаттығады, ал көңіл-күйіміз әрқашан көтеріңкі», – дейді қатысушылар. Бұл – Альцгеймер және деменция сияқты аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы.

Цигун: Тән мен жан саулығы. Шығыс жекпе-жегі мен тыныс алу гимнастикасы – Цигун сабақтарында зал ылғи толы болады. «Цигун бойдағы ширығуды басады, қуат береді, тән мен жанға шипа. Біз сабақтардың көбірек болғанын қалаймыз, өйткені келушілер өте көп. Сонымен қатар, жақсы микрофон мен төбеге орнатылатын кондиционер болса деген арманымыз бар. Сонда жаттықтырушыны жақсы естіп, қолайлы жағдайда шұғылданар едік», – деп ағынан жарылды салауатты өмір салтын ұстанушылар.

Қолөнер сиқыры. Сәндік-қолданбалы өнер шеберханасында да жұмыс қызу. Мұндағы қариялардың қолынан шыққан дүниелер таңдай қақтырады. «Ұсақ-түйек жасау қол моторикасын жақсы дамытады, қиялыңды іске қосады, тіпті уақыттың қалай өткенін де байқамай қаласың. Бізге көбірек материалдар мен жұмыстарымызды сақтайтын шкаф болса екен дейміз. Және, әрине, өз туындыларымызды жәрмеңкелер мен көрмелерге шығарып, халыққа көрсету мүмкіндігі болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бізді қатты шабыттандырады!» – дейді шеберлер.

 

Тігіншілік және алғыс

Курстардың нәтижесі – нақты өнім. Тігін және пішу курсының қатысушысы Маржанның пікірі көп нәрсені аңғартса керек:

«Біз Қалимаш Тауфиқызының басшылығымен өтіп жатқан курстарға қатысып жүрміз. Оған және біздің тренеріміз Ильмерамға алғысымыз шексіз. Ұстазымыздың шыдамдылығы мен әрқайсымызға жеке көңіл бөлуі – ерекше қасиет. Оқу барысында біз көптеген бұйымдар тігіп үйрендік: қарапайым алжапқыштар мен футболкалардан бастап, жейделер мен сәнді спорттық костюмдерге дейін жасадық. Бостандық ауданының БҰӨО-на үлкен рақмет айтамыз. Орталығымыз көркейе берсін!»

 

Неге бұл маңызды?

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының феномені неде? Неге зейнеткерлер мұнда асығады? Жауап қарапайым: бұл жер адамға керек екенін сезіну бақытын сыйлайды. Қарттықтың ең үлкен жауы – ауру емес, жалғыздық пен зерігу. Ал бұл орталықтар қарияларға ортақ мүдде, шынайы достық және өмірлік мән береді. Мұнда адамдар өмірдің әлі де таңқалдыра алатынына, қуанта алатынына сене бастайды.

Жаңа достар табу, денсаулықты нығайту және әр күнді үмітпен қарсы алу – бақытты қарттықтың кілті осы болса керек.

 

MADENIPORTAL.KZ шолушысы

Ақпарат дереккөзі: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ)

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Колумбияда бортында 15 адам болған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, олардың арасында конгрессмен Дио...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Шымкент қалас...