Щучинск қаласындағы спорт кешені бірнеше жыл бойы салынып бітер емес, деп хабарлайды madeniport...
Елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады
Астана әкімдігі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордада биыл атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстары туралы жазды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы қалада 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Сондай-ақ, 1 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
«Елордада жыл сайын тартымды орындар қатары көбейіп келеді. Осы мақсатта қала аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыстың басым бөлігі аяқталуға жақын. Абаттандыру кезінде қалада көгалдандыруға ерекше назар аударамыз. Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызамыз. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысы қаланың барлық ауданын қамтиды. Осыған дейін мен қай жерде қандай нысандар салынатыны туралы айтқан болатынмын. Қазір бірнеше ірі жобаға тоқталғым келеді. Мәселен, жаңа жаяу жүргіншілерге арналған Green Line желекжолы ашылады. Оның ұзындығы 3,5 км-ден асады. Төле би көшесінен Омаров көшесіне дейінгі учаскені жаяу жүргіншілерге арналған жасыл кеңістікке айналдыруды жоспарлап отырмыз.
Қазір алғашқы кезектегі жұмыс – Күлтегін көшесінен Әнет Баба көшесіне дейін (қазан айының соңында) аяқталуға жақын. Желекжолдың негізгі идеясы – жайлы жасыл дәліз құру: мұнда ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылады, демалыс пен серуендеуге арналған көлеңкелі орта қалыптасады. Маршрут бойында ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтары, заманауи қалалық жиһаз және т.б. орнатылады. Жақын арада осы учаске қала тұрғындарының серуендеуіне арналған жаңа орынға айналады. Сол сияқты Есіл өзені бойындағы саябақ кластерін абаттандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ататүрік саябағындағы жағалау абаттандырылды, Триатлон саябағында реконструкция жалғасуда. Жаңа қоғамдық кеңістік – Бейбітшілік пен келісім саябағы да аяқталуға жақын. Оның орталық нысаны – «Өмір ағашы», айналасында бейбітшілік пен рухани бірлікті бейнелейтін төрт инсталляция орналасады. Сондай-ақ мұнда сарқырамалар, «жұлдызды аспан» туннелі, серуен жолдары мен демалыс аймақтары бар.
Құрылыс компаниялары да өз қаражаты есебінен жаңа қоғамдық кеңістіктер салып жатыр. Мәңгілік Ел даңғылын абаттандыру қазан айының соңына дейін аяқталып, келесі кезең 2026 жылы жалғасады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.