Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жобасы – «Барымташылар» кинофильмінің негізгі к...
Өзекті мәселе: Талқы және ұсыныс
2023 жылғы 26 маусым күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов заңнама тілінің ғылыми-әдіснамасы және біріздендіру жүйесі бойынша заңгер мамандардың және тілтанушы ғалымдардың басын қосып, өзекті мәселені талқылаудың қажеттілігін атап өтті.
Пікір алмасу барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, академик Шерубай Құрманбайұлы заң саласындағы терминжасам, заң терминдерін біріздендіру мәселесі үнемі өзекті қалпына қалып отырғанын атап өтіп, осы істерді жүзеге асырудың нақты алгоритмін жасау туралы ұсынысын білдірді.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек заң мәтіндерін қазақ тілінде әзірлеу бойынша Парламент депутаттарының жұмысына тоқталса, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы Нұрзада Примашев қазақ тіліндегі заңнама тілін қарастыратын Заңнама институтындағы лингвистикалық орталықтың мәртебесін арттыру мәселесі қазақ тіліндегі заң жасауға ықпал еткен болар еді деген ойымен бөлісті.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Бағлан Мақұлбековтің айтуынша, заңнамадағы қолданыстағы жүрген қазақша терминдерде жарыспалылық көп кездеседі. M.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ Ғылыми қызмет және зерттеулер жөніндегі вице-провосты, PhD Марат Ахмади мен ассистент-профессор Сағидолла Баймұрат бекітілген заңдарды қайта қарап, мониторинг жасау жөніндегі пікірді қолдады.
Сондай-ақ M.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали Алаш зиялылары шығарған заң құжаттарындағы қазақша терминдердің аса сапалы болғанын ескере отырып, осы сөздіктердегі терминдерді айналымға енгізу қажет деп ой түйді.
Бас қосуға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, M.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ оқытушылары қатысты.