Елордада қазақтың үш бәйтерегі Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналған ескерткіш ашылды. Сонымен қатар, Қа...
Алматыда Атагелді Ысмайыловтың 100 жылдық мерейтойын атап өтті
Алматы қаласында қаңтардың 25-і күні ҚР Еңбек сіңірген артисі, өнер майталманы, театр саңлағы, қазақ дубляж өнерінің королі Атагелді Ысмайыловтың 100 жылдық мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Ең алдымен, сағат 15:00-де А.Ысмайловтың тұрған үйіне МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТАНЫҢ АШЫЛУЫ өтті. Тақтаның ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Арман Қалбеков, «Ұлттық киноны қолдау қолдау» мемлекеттік орталығының төраға орынбасары Қанат Төребай, театр және кино артисі Бақытжан Әлпейісов, кино артисі, композитор Баянғали Есеналиев және Ғ.Мүсірепов театрының ардагер артистері Жақсыбек Құрманбеков, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева, театр режиссері Мұрат Ахманов сынды тұлғалар қатысты. Тақтаның ашылуында әріптестері мен замандастары, шәкірттері мен соңынан ерген ұрпақтары талант иесінің өнегелі өмір жолы туралы естеліктермен бөлісті. Мемориалдық тақтаның ашылуы – қазақ өнеріне қалтқысыз еңбек еткен тау тұлғаға деген ескірмес ескерткіш.
Саф өнердің саңлағы А.Ысмайылов өлшеулі ғұмырын арнаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сағат 16:30-да ЕСКЕ АЛУ КЕШІ өтті. Театр артистерінің қатысуымен өткен кеште А.Ысмайлов ойнаған «Жомарттың кілемі», «Бесеудің хаты», «Қаладан келген қылжақбас» спектакльдерінен үзінділер көрсетіліп, тұлғаның рухына арналған әндер шырқалды. Театр репертуарында болып, Атагелді Ысмайлов ойнаған спектакльдер көрермен жадында ерекше сақталып, театрдың мұрағатынан өз орнын алған. Театрда актердің спектакльдегі рольдерінен сақталған суреттер мен марапаттарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Еске алу кешінде Әсет Иманғали, Мақсат Рахмет, Ерден Жақсыбеков сынды тау тұлғаның ізін жалғап келе жатқан өнерпаздардың орындауында әндер шырқалды.
Аталмыш іс-шараларға арнайы шақырылған қонақтар қатарында КСРО халық артистері Тұңғышбай Жаманқұлов, театр сыншылары Аманкелді Мұқан, Зухра Исламбаева, кино артисі Жан Байжанбаев сынды өнер майталмандары болды. Өнер иесін ұлықтау, ел есінде қалар елеулі еңбегін дәріптеу – бүгінгі қазақ өнерін жасаушылардың парызы hәм міндеті.
Бейбіт Әлкеева