Пәктігін 2 миллион теңгеге сатамын деп елді дүрліктірген қыздың рөл ойнағанын әшкере еткен белгілі ә...
«Келін емес, қызымыз»: Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалығын айтты
коллаж MadeniPortal.kz
Танымал продюсер әрі тележүргізуші Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалығымен бөлісті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бүгін келіндерін үйге алып келетіндерін айтып, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас туралы ойын ортаға салды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Продюсер өзін «заманауи ене» деп атап, қазіргі жастардың жеке шекарасына ерекше мән беретініне тоқталды. Оның сөзінше, жаңа буынмен қарым-қатынас орнатуда үлкендердің де өзгерістерге бейімделуі маңызды.
«Бүгін қалыңдығымызды үйге алып келеміз! Білесіздер ме, бұл – үлкен жауапкершілік. Заманауи ене ретінде зумерлердің жеке шекарасына ұқыпты қарайтынын түсінемін. Мен оларды түсінемін. Дегенмен біз, миллениалдар, «еңбек пен төзім бәрін жеңеді» деген түсінік қалыптасқан кезеңде өстік. Альфа буынымен қарым-қатынас қандай болатынын елестетуге қорқамын. Ол кезде енелерге дипломатия бойынша арнайы курстан өтуге тура келетін сияқты», – деп жазды Динара Сәтжан.
Ол әзілден бөлек, ата-ана үшін ең бастысы баласының бақытты болуы екенін атап өтті. Динара Сәтжанның пікірінше, балалардың бақыты үшін ата-аналар да жаңа нәрсені үйренуге, өздерін өзгертуге және олардың жеке шекарасын құрметтеуге дайын болуы қажет.
«Бірақ әзілді бір шетке ысырып қойсақ, ұрпақ ауысса да, уақыт өзгерсе де, өзгермейтін бір нәрсе бар. Әр ата-ана үшін ең бастысы – балаларының бақытты болғанын көру! Мінсіз немесе ыңғайлы болғанын емес. Дәл бақытты, сүйікті, өзіне сенімді болғанын көру. Егер балаларымыздың бақыты үшін жаңа нәрсені үйрену, өзімізді өзгерту, олардың жеке шекарасын құрметтеу, дер кезінде еркіндік беру және кейде жай ғана жанында болу қажет болса, мен өз басым бәрін жасауға дайынмын. Ал бүгін – жай ғана бақытты күн. Біз қызымызды үйге алып келеміз», – деп жазды продюсер.
Динара Сәтжан осылайша отбасы үшін ерекше күннің қуанышымен бөлісіп, келін мен ене қарым-қатынасында өзара түсіністік пен құрметтің маңызды екенін жеткізді.