«Мазар басын түсіру дұрыс па?»: Сәкен Майғазиевтің видеосы қызу талқыға түсті

коллаж MadeniPortal.kz

Шоу-бизнес
111

«МузАРТ» тобының әншісі Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасы Ұлтай Мырзамбекқызын еске алып, әлеуметтік желіде әсерлі бейнежазба жариялады. Алайда өнер иесінің бұл әрекеті желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Әнші анасының дүниеден өткеніне қырық күн толуына орай зиратына барып, марқұмды еске алған. Бұл сәтті видеоға түсіріп, Instagram парақшасында бөліскен.

«Анашымсыз өткен қырық күн», – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Бейнежазбада өнер иесінің зират басында жүргені көрінеді. Видеоға Үкітай Ерниязовтың «Анасы жоқ адамдар» әні қойылған. Жарияланым оқырмандардың түрлі пікірін туғызды. Бірі әншінің қайғысына ортақтасып, анасының рухына дұға бағыштаса, енді бірі зират басындағы сәттерді әлеуметтік желіге жариялауды сынға алды.

«Анаңыздың жаны жәннатта болсын», «Ананың орны бөлек қой», «Бірден үлкейіп кетті, анасы барда жас еді», – деп жазды жанашыр оқырмандар.

Ал кейбір желі қолданушылары:

«Мазар басынан видео салу қаншалықты дұрыс?», «Қаншама аруақтар жатыр, бұлай түсіру дұрыс емес», «Қабір басын да контентке айналдыратын заманға жеттік», – деп наразылық білдірген.

Айта кетейік, Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызының дүниеден өткені 13 қазанда белгілі болған. Марқұммен қоштасу рәсімі 14 қазанда Түркістан облысының Созақ ауылында өтті.