Өктем Алтаев "Ей, қу арақ" әнінің тарихын айтты

Өктем Алтайбаевтың инмтаграм парақшасынан

Шоу-бизнес
1485

Өткен ғасырдың 90-жылдары қаланың да, даланың да тойларында шырқалған "Қу арақ" әнін жұрт жақсы біледі. Бірақ аталмыш хитке қатысты қызықты деректерді автор алғаш ашып айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ей, қу арақ, Ой, қу арақ... Бүгінде бұл әуенді естісе аға буынның құлағы елең ете қалатыны рас. Әсіресе 90-жылдардағы жастарды ерекше сезімге бөлейді. Халыққа кеңінен тараған хиттің авторы әрі орындаушысы — Өктем Алтаев. Сазгердің айтуынша, бұл туындының мәтінін өзінің әкесі Есіркеп Алтаев жазып, 1964 жылы "Қазығұрт тынысы" газетіне "Арақ, бетің құрысын" деген атаумен жариялаған екен. "Араққа тойып алып, әйелін көшеге қуып, бала-шағасын далада шыңғыртып жүрген өзінің сыныптастарын, достарын көрген кезде әкем осы арақ туралы өлеңін жазыпты", - дейді Өктем Алтаев. Әкесінің арақ жайлы өлең жолдарына Өктем 30 жылдан кейін, яғни 1994 жылы ән жазып, 8 наурызда "Қу арақ" деген атпен аудио кассетаны сатылымға шығарады. Базарда "Қу арақтың" дүрілдеп тұрған кезі. Дыбыс жазатын студиядағы жігіттердің қалтасы қалыңдап, кенеттен табысқа кенелген екен. Бұл әнге деген сұраныстың көптігі соншалық, бір күнде 100 кассетаға дейін сатылып кеткен. Ал аталмыш әннің туындауына тәуелсіздік алған жылдардағы тоқырау кезеңі арқау болған.

“Бір бөтелке арақты үш-төрт жігіт қосылып сатып алады. Соған тойып, мас болып ұйықтайды. Үйге келсең от жоқ, жарық жоқ. Сөйтіп жүргенде халық жаппай араққа салына бастады. Тіпті, шегінен шыға бастады. Біреудің есі кетіп, біреулер ажыраса бастады.

Сол кезде көкейіме бір көңілді әуен келе берді. Әуелі музыкасы бәріне ұнады да, кейін бұған сөз іздей бастадым. Ақын жоқ. Бір күні әкемнің кітабын ақтарып қарасам, "Арақ, бетің құрысын" деген өлең тұр екен. Менің әуеніме әкемнің өлеңі үйлесе қалды. "О, қу арақ, берекемді кетірдің, сені ішіп, көк өгізше өкірдім.

Тегіс жолда кейде түзу жүре алмай, қарсы алдымда жар болса да секірдім" деген сөздері менің әніме келіп тұр. Содан кейін қайырма жаздық. Сөйтіп халыққа "Қу арақ" деген атпен тарап кетті", - дейді композитор. Бүгінде атышулы "Қу арақ" хитінің жарыққа шыққанына 30 жылға жуықтап қалған. Өктем Алтаев бұл әннің арқасында талай адамның алғысын алғанын айтады. Өйткені осы туындыны тыңдап, ащы судан арылғандар көп екен. "Бір күні тойда ән айтып тұрсам, 60 жас шамасындағы ерлі-зайыпты: "Інім, сенің осы "Қу арақ" деген әнің үшін арнайы рақмет айтуға келіп отырмыз. Кезінде отағасы араққа салынып кеткен кезде біздің отбасымыздың ойраны шықты. Кейін дәл осы "Қу арақ" әнін тыңдаған соң арақты қойды. Қазір қайтадан бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз" деп менің маңдайымнан сүйді. Бұл қуанатын жағдай", - дейді ән авторы. Кезінде қонақтар тойдың басынан аяғына дейін бір әнге, яғни дәл осы "Қу араққа" билесе, бір қызығы, қазіргі таңда да аталмыш хит әлі күнге дейін тойдағы сұранысын жоғалтпаған.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...