Нұрлан Өнербаев әлеуметтік желіде бауырынан айырылып қалғаны туралы жазды, деп хабарлады madeniporta...
«Зейнетақысын өзіне жұмсамайды»: Ләйлә Сұлтанқызы анасы туралы айтты
коллаж MadeniPortal.kz
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында зейнет жасындағы әйелдерге қатысты қоғамда қалыптасқан стереотиптер туралы жазба жариялады. Ол бұл мәселені өз анасының мысалында көтерді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Сұлтанқызының айтуынша, анасы – еліміздегі қарапайым зейнеткерлердің бірі. Ай сайын 150 мың теңге зейнетақы алғанымен, қаражатын көбіне өзіне емес, той-томалаққа, немерелеріне және күнделікті жүріп-тұруына жұмсайды.
«Өзіне әдемі киім алғысы келсе: "Ел не дейді? Жасыма сай емес шығар…" деп ойлайды», – деп жазды тележүргізуші.
Ләйлә Сұлтанқызы қоғамда егде жастағы әйелдердің ашық түсті немесе сәнді киім киюіне қатысты әлі де түрлі шектеу мен сын бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, «жасыңа сай киін», «елден ұят», «ашық түсті жастар кисін» деген пікірлер әйелдердің өзіне деген сеніміне де әсер етеді.
Тележүргізуші келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 70 жастан асқан шамамен 1,1 миллион адам бар, олардың 720 мыңнан астамы – әйелдер.
«Неге біз әйелді зейнетке шыққан күні-ақ сәннен де "шығарып саламыз"? Осы сөздер апаларымыздың гардеробынан түсті ғана емес, өзін әйел ретінде сезіну құқығын да, сенімін де алып қойды», – дейді ол.
Сөз соңында Ләйлә Сұлтанқызы әйелдің жасына байланысты қойылатын шектеулер азайып, керісінше еркіндігі артуы керек деген ойын жеткізді.
«70 жас – қою түсті киініп, көзге түспей отыруға шығарылған үкім емес. Әйелдің жасы ұлғайған сайын тыйымы емес, еркіндігі көбеюі керек. "Жасыңызға сай киініңіз" демейік. "Өзіңіз үшін әдемі өмір сүріңіз" дейік», – деп түйіндеді Ләйлә Сұлтанқызы.