Әнші Алтынай Жорабаева жұбайы Әлішердің қызының ұзату тойына не себепті қатыспағанын түсіндірді, деп...
Журналистер жұмыссыз, блогерлер эфирде: «Хабар» Төреғали Төреәлінің қарындасына қатысты түсініктеме берді
ашық дереккөз
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Дина Төреәлінің «Хабар» телеарнасындағы жаңа жобаға қатысатыны қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде айтылған сыннан кейін телеарна жобаның мақсаты мен қатысушылардың рөлін түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Хабар» телеарнасының ресми Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 23 қарашадан бастап «Ой тұмар» атты жаңа ток-шоу эфирге шығады. Бағдарламада қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, түрлі көзқарастар мен пікірлерге орын беріледі.
Жобаға Жайна Сламбек, Ләйлә Сұлтанқызы, Мөлдір Досбай, Ақмоншақ Нұртаза, Дина Төреәлі, Лаура Лесбек және Риза Данияр қатысады. Бағдарлама күн сайын сағат 13:10-да көрсетіледі.
«Жоба әр түрлі буын өкілдерінің пікірін жеткізуге арналған. Алдағы уақытта жасөспірімдерден бастап, аға буынға дейінгі көрермен бағдарламаға қонақ болады, барлық буынның көзқарасына орын беріледі», – деп түсіндірген телеарна.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін Дина Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында «Хабар» телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс алғанын хабарлаған. Ол ұсынысты қабылдап, Астанаға барып, жобаның редакторы және продюсерімен кездескенін айтқан. Алайда бұл жаңалық желі қолданушыларының бір бөлігінің наразылығын тудырды. Олар журналистика саласында білім алған мамандар жұмыс таба алмай жүргенде, телеарнаға танымал блогерлердің шақырылуын сынға алды. Өз кезегінде Дина Төреәлі жоғары білім туралы пікір білдіріп, дипломы болмаса да, жеке кәсібі мен табысы бар екенін алға тартты.
«Дипломым жоқ – бизнесім бар. Дипломым жоқ – табысым бар. Көзім ашық, көкірегім ояу, шүкір! Күнделікті даму үстіндемін», – деп жазды ол.
Осылайша, Дина Төреәлінің жаңа телевизиялық жобаға қатысуы әлеуметтік желіде кәсіби білім мен тележүргізушілерді таңдау мәселесіне қатысты пікірталасқа ұласты.