«Дипломым жоқ, бірақ табысым бар»: Төреғалидің қарындасы «Хабарға» жұмысқа орналасуына қатысты сынға жауап берді

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
98

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Дина Төреәлі «Хабар» телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс алғанын мәлімдеді. Алайда оның бұл жаңалығы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшілік арасында сынға ұшырады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.  

Дина Төреәлінің айтуынша, телеарнадан ұсыныс түскеннен кейін ол Астанаға арнайы барып, редактор және продюсермен кездескен.

«Маған "Хабар" телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс түсті. Ойланып, өзіме қызық болғаны үшін келістім. Астанаға келген соң редактор, продюсермен кездесіп, бір келісімге келдік», – деді ол.

Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі бұл шешімге наразылық білдірген. Олар журналистика саласында арнайы білім алған мамандар жұмыс таба алмай жүргенде, телеарнаның танымал тұлғаларға басымдық беруін сынға алды.

«Басқа дипломы бар білікті мамандар жұмыс таба алмай жүргенде, бұл қай басынғандарыңыз?», «Журналистер жетпей жатыр екен-ау», «Осы істің жілігін шағып, майын ішкен жас журналистер жүр жұмыс таппай. Сендер әнші, актрисаларды алып, енді әншінің қарындасы қалып еді жүргізуші болмаған», – деп жазды желі қолданушылары.

Өзіне бағытталған сыннан кейін Дина Төреәлі үнсіз қалмай, білім мен дипломға қатысты пікірін ашық жеткізді. Ол 23 жасында үш баланың анасы екенін және кезінде жоғары білім алудан гөрі отбасын құруды таңдағанын айтты.

«Менің жасым 23-те! Аллаға шүкір, үш балам бар. Оқуды емес, отбасы болуды таңдадым сол сәтте! Оқу, білім алу ешқашан да кеш емес және одан қашпаймын. Бірақ сендер ойлаған бір парақ диплом ештеңені шешпейді. Потенциалың жоқ болса, 10 дипломың болса да көмектеспейді!» – деп жазды ол.

Сонымен қатар әншінің қарындасы дипломы болмаса да, жеке кәсібі мен табысы бар екенін алға тартты.

«Дипломым жоқ – бизнесім бар. Дипломым жоқ – табысым бар. Көзім ашық, көкірегім ояу, шүкір! Күнделікті даму үстіндемін», – деді Дина Төреәлі.

Осылайша, оның телеарна жүргізушісі болу туралы шешімі әлеуметтік желіде кәсіби білімнің маңызы мен танымал адамдарға берілетін мүмкіндіктер төңірегіндегі пікірталасқа ұласты. Әзірге «Хабар» телеарнасы Дина Төреәлінің нақты қандай бағдарламаны жүргізетіні туралы ресми мәлімет жариялағаны расталмады.