Тоқаев: «Мемлекет қазынасына ауыз салу – елге жасалған ең ауыр қастандық»

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
89

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі және Конституция талаптарын сақтау мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы лауазымына, атақ-абыройына және бұрынғы жетістіктеріне қарамастан, заң талаптарын бұзған әрбір адам жауап беруі керектігін атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Президенттің айтуынша, мемлекет қаржысына қол сұғу мен Конституция талаптарын елемеу – ел мүддесіне жасалған ауыр әрекет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызын атап өткен Мемлекет басшысы бұл бағытта ешкімге жеңілдік жасалмауы керектігін жеткізді.

Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз.

Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды.

Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың. 

Тоқаев лауазымды тұлғаларға қойылатын талаптардың қарапайым екенін де атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметшілер тәртіпті сақтап, адал еңбек етіп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамауы керек.

Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны.

Бұл – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет.

Мемлекет басшысы Конституцияда бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидатының барлық азаматқа бірдей қолданылатынын еске салды. Яғни адамның қоғамдағы мәртебесі мен қызметіне қарамастан, заң алдындағы жауапкершілігі ортақ болуы тиіс.

Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады.

Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны іс жүзінде ұстануға тиіс, сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы ниетпен қабылдағаны жөн. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбеде көршісінің қолынан қаза тапқаны хабарланған кәсіпкер Айболат Жисовтің ұлы Әнуар Тобанияз әк...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк пойызы теміржол бойында болған ер адамды қағып кетті. Ол алғ...