ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Пре...
Исраил Сапарбай: Мен бірегей де, шүрегей де емеспін...
7221
Қараша үй Қайран да қайран, Анам-ай... Қайраңнан ескен самал-ай?! Арулар таққан алқадай Ақ үйлер қайда жағалай? Қазаным қайда, ошағым? Қарадай боздап, босадым. Қызығым қайда қырмызы? Ызыңы қайда масаның?.. Таба нан, жаппа, тандыр нан Жадымда талай жаңғырған... Адасып қайда жүр екен Балапан басым балдырған? Көбелек, Көктем, Балқурай... Себелеп өткен жаңбыр-ай. Жабағы бұлтпен жарысып, Табаны тозған тағдыр-ай... ...Көбелек, Көктем, Балқурай... – Өте мәнді де жан-жақты әңімеңіз үшін көп-көп рахмет! Сұхбаттасқан Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ «Ақиқат арнасы»– Сіз ақынсыз. Бүгінгі қазақ поэзиясында өзгелерден ерекшеленіп тұратын өз қолтаңбаңыз айқын да анық. Ол – нәзік те нақышты лирикалық мақам, саз, иірім... Ол – өршіл де турашыл, батыл да байыпты мінез. Осы тұрғыдан Сізді бірегей ақын деуге бола ма? – Алғашқысы да, кейінгісі де менің табиғатым, болмыс-бітімім әрі мінезім. Мінез – мінсіз болмайды. Жақсылыққа да, жамандыққа да турашыл мінезбен тік қарау табиғатыма тән. Кез келген жақсылық көңілге медеу, жанға демеу. Жамандық – қараулықтың көлеңкесі. Көлеңкеде тұрақ та, тұрпат та жоқ. Күндіз жаралады, түнде жоғалады. Оған тұтылу оңай да, құтылу қиын. Өз көлеңкесін мақтаған адамды көргем жоқ. «Көлеңкеңмен қорғай жүр...» деген басқа мағынада: саяңда, панаңда, қамқорлығыңда дегенге саяды. Мінез соның бәрін қалт жібермей һәм қалғымай-мүлгімей қадағалап отыратын қаһарман текті қасиет. Абайдың: «Ант ұрғанмын өзім де, Бір мінезбен өтпеймін...» деген ащы әжуасы бормінез, босетек болыстың атынан айтылып отырғанын осы орайдан ұқсақ жарасар. Ал енді...Бірегейлікке келсек, Қадыр (Мырза-Әли) ағаның маған қарап айтқан мына бір сөзі басқаларға да басалқы болар деген ойдамын: «Ақындардың үш түрі бар. Алғашқысы – Алланың өзі аузына сөз салған туабітті тұма тұнық бірегей ақындар. Дара да дана болмыс солардың иелігінде. Олар – сен білетін, мен білетін, Гетенің өзі армандап өткен Шығыстың Жетіқарақшыдай жеті шайыры. Данышпандығы жағынан оларға әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Иасауиді, Әлішер Науаиды, өзіміздің Абайды қоссақ – әбден лайық. Кейінгісі – аса еңбекқор, кітаптан көзін алмайтын, алдынан қағаз босамайтын, дана болмақтан дәметіп әмісе ұйқысы шала жүретін шалт мінезді Қасым, Мағжан, Мұқағали, Төлеген, Жұмекендер, айып көрмесең, мына мен де... (көзі жалт-жұлт жайнай түсіп) сенің шоғырың да...» дегені бар еді. «Қадыр айтса – қалт айтпайды» деп ағалары айтқандай, кім біліпті, бәлкім, уақыт өз бағасын бере жатар... – Ақындық мұрат, халықтың рухани, мәдени дамуы, осы орайдағы қаламгер қауымның жауапкершілігі, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жанашырлық пен қолдау, қуаттау мезіреті жөнінде не айтар едіңіз? – Шын оқырман, білермен болсаң, мына топырлаған сұрақтан сен де, мен де аттап, не айналып өтер ме едік... Бірақ саған кінә артқым жоқ. Заманың солай. Тоқуыңды қайдам, оқуың аз. Бір уәж: «оқуға уақыт тапшы». Екінші бір елп етпе себеп: «қазір кітап оқитын заман ба?» Үшінші бір тоқетер тоқтам: «бәрі интернетте тұрған жоқ па, ал да оқи бер»... Сен айтқан «мұрат» мен сияқты «бейбақ» ақынның түсіне кірсе кәні? Одан да «кіре қалса не істер едіңіз?» десең, бөденеше бытпылдық атып, немесе зарлауықша (мұндай құс болған кезінде) запы тірлікке зәкүн таппай, залал іздеп өз ішімді өзім кезіп кетер ме едім... «Халықтың рухани, мәдени дамуы...» Қашанғы сөз бұл?! «Халықты» «Қазақпен» алмастырар болсақ, бұл сөздің жауабы әлімсақтан әзір-мәзір. Рухани һәм мәдениетсіз ел-жұрт болушы ма еді?! Абсурд... Бұларсыз Мемлекет болушы ма еді?! Жаңа тұрпатты бүгінгі Мемлекет кешегіден де арғы, одан да әрменгі ұлт-ұлыстан ұтырлы ұстын, үлгі-өнеге қалыптастырғанын есте тұтсақ, оның несі қәте? Бізде бәрі бар еді ғой, болған еді ғой бағзы-баяғыдан... Қазір «көрінгеннің қаңсығы біздің таңсығымызға» айналса, кімге кінә артамыз? «Қаламгер қауымның жауапкершілігі»... Жауапкершілік саған міндет артқанда ғана керек-ті. Ал міндет арту үшін сол «билігіңіз бе, не өкілетті өкіметіңіз бе, жазмышы жанкешті «жазғыштарға» жапырақтай болса да жансауға жақсылық жасар болмас па?! Отыз жылға таяу уақыттан бері әлгі айтқан қаламгерлеріңіз қаламақыдан қағылса, өз үйі, өлең төсегі –«Өнержайынан» (Өлеңжай десе де болады) ада-күде айрылса, күндіз ой бағып, түнде толғанып отырып жазған дүниесі өзі өлмей жатып «тірі архивтің» күйін кешсе, т.т. енді бізден не сұрайсыз, жұртым-ау?! Айтты-айтпады, шын Жанкешті біз болсақ керек-ті. Ал Жанкештіні жазғырмақ ниетт – Жаратқанның жазасына лайық!.. – Жауабыңызға орай: осы жақында ғана «Егемен Қазақстанда» Әзірбайжанның тұңғыш Президенті Гейдар Әлиевтің өз елінің Жазушылар Одағын мемлекеттік бюджетке енгізіп кеткендігі жайында жазылды. «Ештен кеш жақсы» демекші, осы оңды үрдісті біздің ел басшылығы неге қаперге алмасқа? – Өте-мөте сауап іс болған екен, енді есітіп жатырмын. «Болар істің басына – жақсы келер қасына» демекті ауызға алсақ, су-жаңа Президентімізден жуық арада бір жақсылық нышаны шаң беріп қалар, шамасы. Жазушының жақсы ұлының жан-жүрегі де жақсы лепеске зәру екенін еске ала жүрелік. «Құдай бір берсе, қос қолдап береді» демекші, Мәулен Сағатханұлы да салмағына сай салиқалы орнына отырды. Екі қаламгердің екі ұлы ертелі-кеш ең үлкен дәрежелі – «Халық ұлына» айналып жатса, құдайдан да құп болмай ма! Студент кезімде-ау деймін, «Морис Торез – халық ұлы» деген кітапты оқығаным бар еді... Ендеше, құлағыңды түре жүр, сүйіншісі менен болады. Айтпақшы, есіме жақсы түсірдің, құдайы көршіміз Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиеев те келе салысымен, көп өтпей ел ақын-жазушыларына дәл осындай мейір-шапағатын сыйлаған. Жақсылықтың жұғысты да ырысты болғанына не жетсін!.. – Қазақ тарихы мен руханиятындағы ұлы тұлғалардың орны, өмір өнегесі, қалдырған асыл мұраты мен мұралары бүгінгі және келер ұрпаққа қаншалықты маңызды? Айталық, «Адамзат данышпаны» әл-Фараби мен хакім Абайдың егізқатар жалғасқалы отырған биылғы меймана мерекелері хақында қандай ойдасыз? – Иә, қос мереке егізқатар келіп отыр. Қазір Республика көлемінде ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесі басталып та кетті. Мына бір келеңсіз жағдай кесе-көлденең килікпегенде, бұл кең пішімді үрдіс елімізден ауа асып, кеңістік шарлап әлемдік ауқымға астасып кете барар ма еді... Амал не... Әйткенмен, ұлы ақынның өзі айтқандай, істің бітуін аяғынан емес, басынан аңғарсақ керек. Мен бұдан бұрынғы екі бірдей ұлан тойдың екеуіне де қатысқанмын. Меніңше, мереке мен тойдың ара қашықтығы әркезде әрқалай. Мерекенің той ауқымынан аса алмай, шекарамен шектеліп қалуы іштегі «әттеген-айды» тұншықтырумен ғана тынады. Бұған дейін солай болды да. Әдеттегідей «ас ішу, аяқ босату», әрі кетсе, аламан бәйге, дыр-дұман Абайдай ұлы тұлғаға қол еместұғын. Мұны кеш сезініп, кейін ұқтық. Ендігі әрекет-берекетіміз басқаша бедер, сипатта. Ең бастысы да елеулісі – Абайды әлем білуі тиіс! Әлем білуі, тануы, тіпті, тамсануы үшін әуелі Хакім Абайды өз ішімізден, өз болмысымыздан, өз табиғатымыздан іздеп, іздеп қана қоймай, табуымыз, сүйіншілеуіміз керек! Құрғақ жаттау, құр мақтау –құбақан құлға құп емес. Құлдық та бола алмайды. Кешеден бүгінге дейін өткізіліп келген дәстүрлі «Абай оқулары» ескірді, тозды, тұралады. Ол Абайдан бұл Абай тұтас елдің санасы мен салауатында «Адамзаттың Абайы» болып дүр сілкіне қанатын жайып ұшар биікке көтерілуі тиіс. Ал ол биік ең құрығанда бір ғасырдан бері өз қонағын, әз қонағын күтулі!.. Осы орайда айта кетейін, аспанда шоқ жұлдыз көп. Таныған мен тапқанға – әрқайсысы бір-бір әлем, тіпті, ашылмаған планета дерсің. Солардың ішінде, басқасын жыға танып жатпасам да, Есенин планетасы бар. Демек, Есенин әлемі жұмыр Жердің назарында. Аксиома: Жұмыр жер Есениннің көз аясында! «Біреудің қаңсығы – біреудің таңсығы» демей-ақ қоялық, аспани әлем көгінде Адамзаттың Абайына тиесілі бақытты бір жұлдыз да жарқырап тұрса кәні!.. Менің бір ойым айтады: уақыт адамзат баласына аял бермей жылдам өтіп барады. Әне-міне дегенше жылдың жартысына желаяқтай жетіп қалыппыз. Келесі кезекті анау-мынау емес, Әлемнің екінші Аристотелі дерлік әл-Фараби данышпан күтіп отыр. Оған әзірлігіміз қалай? Өре мен Өріске сын мезет. Мезіретіміз қалай болмақшы? «Төрдегілер күлсе, ауыз үйдегілер жымияды» демекші, Өкіметіміз не дейді? Өзімізде хал нешік? Жалқау қазақтың аузынан тастамайтын, өзіне ғана бек жарасатын жағымды бір сөзі бар: «Ертең де күн бар ғой...». Бүгінгі уақыт аса кірпияз, кешегі Абай қазағына, өзге түгілі, өзіміздің де өзеурей қоюымыз екіталай. Оның үстіне қос мереке қоржынның екі басы емес. Ойлануға тура келеді... – Кешегі-бүгінгі қазақ ақын-жазушылары шығармаларының, оның ішінде әдеби мұралардың мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылуына, қоғамдық ортада насихатталуына ұлттық идеология тұрғысынан көңіліңіз тола ма? Өз ойыңыз, пікіріңіз, ұсынысыңыз... – Мен, басқаны қайдам, мектептерде көп болам. Бағзыдан қалыптасқан дәстүр. Екіжақты әсерімен қоса пайдасы да аз емес. Әсері – тікелей шығармашылығыма арналады. Пайдасы – сырласу, сұхбаттасу, ой бөлісу... Әрине, ең алдымен оқыту мен білім берудің қазіргі хал-ахуалы, Білім министрлігінің адым сайын енгізіп жатқан экспериментальдық жөн-жобалары мен көзжұмбай көшірмелері. Бір ұққаным – ұстаздардың дені мұндай білім жүйесіне мүлдем риза емес. Әсіресе, үштілділік қитұрқы әдіс-тәсілдерге үзілді-кесілді қарсы. Бірақ, мұны олар дәйекті түрде дәлме-дәл дәлелдеп айта алмайды. Себебі түсінікті, «Үй артында кісі бар» демекші. «Ұлттық идеология тұрғысынан» дейсің, сол идеологияңыз бар ма қазір? Ал, мен жоқ деймін. Соқа басы түгілі сақал-шашымен түгел саясаттанып кеткен қоғамда идеология қайдан болыпты? «Мәдениет саясаты», «Әлеуметтік саясат», «Әлемдік саясат» деген ұғым-танымдар қан-жынымызға араласып кеткелі қашан? Енді «Әдебиет саясаты», «Ғылым-Білім саясаты», «Әдеп-салт саясаты, «Мал-жан саясаты» т.б. қоссақ, ұшпаққа шығатын түріміз бар. Айтпақшы, дәл қазір Абайды қайта оқып жатырмын –«Қара сөзін де, «Қараөлеңін» де. Онда Хакім былай дейді: «...Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап... Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап...». Көреген Абай біздің ертеңіміз бен «өркенімізді» қалайша дәлме-дәл біліп, білгенімен қоймай көзге іліп қойған десеңші!.. – Сіз кезінде Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін бітірдіңіз. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде дипломатиялық қызмет атқардыңыз. Тарихы мен есім-сойы бүкіл әлемге мәшһүр Самарқан өңірінің тумасысыз. Саяси қайраткер, немесе, Мемлекеттік қызметтің қалың ортасында жүретін-ақ жөніңіз бар еді. Бірақ, моральдық, материалдық хал-ахуалы аумалы-төкпелі әрі алмағайып шығармашылық шырғалаң жұмыспен біржола айналысып кеттіңіз. Неге? – Бұл – менің таңдаудан гөрі тағдырым. Ол тағдырды ес жиғалы елден бұрын өзім сезіндім. Сөйтсем, ол қандағы бар қасиет болып шықты. Әкем, кәдімгі, қара қайыс пен көн теріні қамырша илеп етік, мәсі тігетін ұста болыпты. Сонысымен қиын-қыстау кезде ауыл-үйді, көрші-қолаңды асырапты. Мұны кейін – күйеуі кетіп, біз қалғанда аяулы анам айтты. «Әкең көн ұстасы болса, сен сөз ұстасы болдың, оған да, шүкір, қарағым...» – деп, Тәңірге тәубе айтып отырушы еді, жарықтық... Ал, ақындық анамның туған ағасы, менің Есалы нағашымнан жұққан жұқана ғана қасиет. Мынаны қараңыз: нағашымның түр-түсі әлі күнге дейін есімде-дағы, әкемнің өңі түгіл аяны әлі күнге зым-зия... Бар болғаны екі жарым жастағы баланың ертеңі мен өркені Ол кісінің ойы мен бойында болса кәні, шіркін... деймін дә іштей ой кешкенде... Ал енді, өзің ауызға алған шығармашылық тағдыр-талайым таразының тасында ғана емес, қазақы ел-жұрттың басы-қасында... – Қазақтың ұлы, Өзағаның тумасы есебінде осы түбірі бір туыс елдің болмыс-бітімінде, дүниетанымында, өмір-тіршілігінде, өз білуіңізше, қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар? Осы күнге дейін түстеп тани алдыңыз ба? – Қызық та қиын сұрақ. Білдім деп айта алмаймын, білмедім десем күпірлік болар. Расын айтсам, кейде мен бір адамды екінші адаммен салыстырғандай, несін жасырайын, өзбек ағайын мен өзімізді қатар қойып салғастыратыным бар. Неге олай? Өзім де тап басып айта алмаймын. Өз ішіміздегі орыс, кәріс, немесе, ұйғыр, дұнғандарды былай қойғанда... Кімнің ішіне кім кіріп көріпті? «Адам аласы ішінде...» дейді қазақ. Сыртқы пішім ішкі астарды ақыр-тақыр ашып-ақтарып бере ала ма? Әй, қайдам. Бұл арада «Өзбек--өз ағам...» деген жалғыз ауыз сөз ғана алдымды кес-кестей алады. «Атаның сөзі – ақылдың көзі» дейді көршіміз. Алдыңғысы бағзы-баяғы тарихымыз бен тағдыр-талайымызды алға тарту арқылы санамызда сақталған. Кейінгісі өзбек ағайындар үшін мақал, мәтелдердің ішіндегі ең салмақты һәм сардарлы сөз. Ұмытпасам, ұлттық телеарналарында дәл осындай ұрпақ тәрбиесін алға ұстанған ұлағатты тақырып бар. Меніңше, осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Ұлт ұстыны, ұрпақ тәрбиесі – олар үшін ең ізгі де қастерлі ұғым, әрі қасиетті қағида. Кешегі кеңес дәуірінде де әміше солай болып келген, бүгін де тұғырлы Түпқазық, нық қазық осы! Ұлтты сүю мәселесі, меніңше, тек индивидуальды кескін-келбет емес, керісінше, абсолютті ұғым-таным дәрежесінен бір елі де төмен түспеуі тиіс. Түсті, не түсірілді дегенше Ол күндердің күнінде жермен-жексен күйге ұшырайды. Ұлылықты әспеттеген ұлт-ұлыстың маңдайы ашық, таңдайы таза, хал-жайы Хақ жолында. Өңгесі пейіш пен пешененің арасындағы пенделік тіршілік және оның қам-қарекеті. Мұны туыс, бауыр, көрші-қолаң екі жұртқа да қаратып айтылған астарлы Ақиқат десек жарасады. Ал енді азды-көпті айырмашылығымызға келсек... алдымды бір емес, бірнеше сұрақ кес-кестейді. Соның бірі – түр-түсіміз, ғылыми тілде айтсақ, антропологиялық бет пішініміз. Мұны бетпе-бет жүздескенде айтпай аңғарасыз. Тілімізде де айтарлықтай айырма байқалады. Егер біз құдай қосқан көрші болып қана қоймай, генетикалық аспектіде бірімізді-біріміз тарихи таным тұрғысынан шындап зерделей зерттеп, таныр болсақ, көп жәй көз алдымызға көлденең тартылар ма еді... Бірақ, мұны құлаққа іліп, қаперге алып жатқан ешкім әзірге көрінбей тұр. Десе де, тарихшылар үшін таптырмас тақырып. Кеңестік кезеңде бұл мәселе жабық қазан күйінде қалған, ал қазір, яғни, тәуелсіздік алғаннан бері әлгі қазан өз үйі, ошақ қасында қайнап жатыр... Өз тарапымнан айтарым – менде екі Отан бар. Соның бірі осы өзбек жұрты. Тәржімалап жүрген дүниелерімнің аз-көп емес, тоқсан пайызы өзекеңнің әдеби, мәдени, рухани және имани құндылықтары. Қазекең егер «Өзбек өз ағам, сарт садағам» десе, бұл жәй ауызекі айтыла салған үйаралық сөз емесі анық. Көршіаралық сөз болғанның өзінде мұның астар-сырына ат шалдыру – екі жаққа да бірдей аманат деп білемін. Әзірше, осы... – Қайтсек ақын-жазушыларымыздың, өнер адамдарының, зиялылардың ақыл-ойы, арман-мұраты, асыл мұраларын ұлт игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне тиімді әрі нәтижелі пайдалануға болады? – Осы сұрағыңа байланысты жан-жақты әрі сан сонарлы соқпақтарға ой жүгіртіп, сапар шегуге болады. Әрқайсысы кемінде бір-бір ғылыми, тарихи және әлеуметтік аяны алға тартады. Алға тартқан сайын әңгіме ауаны асау аттай әртарапқа ала қашып, тізгін бермей кетуі әбден мүмкін. Қысқа қайырсақ: қаламгерің де, тарихшың да, ғалымың да... ЗИЯЛЫ қауым өніп, өсіп шығатын алып Бәйтеректің бір-бір бұтақтары. Мемлекет Саясатпен емес, Зиялы қауым мен ортаның қалыптасып, қалыптасып қана қоймай алға анық басып тереңге тамыр жаюымен, Тәңірия биікке көтерілуімен ғана әлемдік өркениеттің шырқауына қол жеткізе алады. Сайтанның жетегінде жүрген саясат сайқалдың санқилы аярлығына түсіп қалса, Адамзаттың соры сол! Оны біз, өкінішке қарай, қазір адым сайын бастан кешуліміз. «Індеттің» ініне кіруін кіріп, шыға алмай шырғалаңға түскен қазіргі хал-ахуалымыз дәл осының айна-қатесіз аңдатпасы. Алда не күтіп тұрғаны тағы белгісіз. «Ақырзаманды мен емес, пендемнің өзі жасайды» деген Хақ сөзі ақиқатттың (хақ -и-хат) өзі болып жүрмегей... Біз зиялы қауымды қолдан өлтіріп алған халықпыз. Соңғы отыз жылдың ауқым-аясында. Біреулер бар дейді, біреулер жоқ дейды. Ендігі «білімпаз» біреулер сол көрдегі «әруақтың» өзін көп көріп, қағынан жеріп қарғап-сілеумен әлек. Өлгенді күстаналау – адамшылыққа да, құдайшылыққа да құп емес. «Білімпазға» бұл екеуі де аса қәт болмай түр. Себебі, оның өзі де күні кеше сол «зиялы» қауымның білдей бір мүшесі, немесе, өкілі болған. Өксіп, өкірудің орнына жекіп, жексұрын болу кімге абырой әпере қойсын. Шашырап-пышырап, қобырап-қожырап жүргені болмаса, құдайға шүкір, бар. Басын біріктіру, түстеп-түгендеу, ізет бөліп ізгілікке, қызмет беріп игілікке жарату – кешелі-бүгінгі «биліктің» емес, бүгінгі-ертеңгі Халық Ұлының қастерлі де қасиетті парыз-қарызы!!! Ал, ЗИЯЛЫНЫҢ бар-жоғы хақында Хақ алдында хат алысу, берісуге, немесе, жүзбе-жүз жүк бөлісуге мен әзірмін!.. Алғашқы аргументім – айдың, күннің аманында аты қалып, заты зым-зияға айналған Ұлттық Ғылым Академиясын аяғынан тік тұрғызу, өміріне өріс, жасадына жан бітіру! – Ұрпаққа үлгі, ұлтқа ұйытқы болуға тиісті алдыңғы буын ағаларымыз бен қайсыбір ақсақалдарымыздың келісу орнына керісіп, болысу орнына бөлісіп жататын кездерін көріп те, көніп те жүрміз. Мұның себебі мен салдарын білгіміз де келеді. Сіз ше? – Бұл сауалың санаға салмақ салатындай-ақ. Өзіңнен кейінгі жас буынның көкейінде жүрген нәрсені біз көрмесек, онда біздің көнтақы болғанымыз да. Жоқ, олай емес! Бәрін көріп те, сезіп те жүрмін. Бірақ: «Әр кәллада бір қиял», әр кеудеде бір жүрек, әр болмыста бір мінез. Алдыңғы екеуін қайдам, соңғысы – Мінезде бір кілтипан бар-ау деймін... Мінез, меніңше, қалыптаспайды, қанның ішкі қалтарысында жүреді. Қалғу, мүлгу оған жат. Иә, Қанның өзі сияқты. Қайсыбір қағаберіс сәтте іштен сыртқа шыға қалса, Сіз оны байқамай да қалуыңыз мүмкін. Міне, дәл осы сәтте ол немеңіз біраз нәрсені бүлдіріп үлгереді. Бүлдіргені сол – сіз біреуді ренжітесіз, тіпті, енді көрместей етесіз. Жақыннан, достан, тіпті, көршіден айрылу – ақыр соңында адамға қасірет әкелмей ме? «Ештен кеш жақсы» делік-ақ, бірақ, оппонентіңіз сізді кешіре ме, кешірмей ме? Кейбіреуге адамнан айрылғаннан гөрі малдан айрылу ауырлау. Ендігі біреуге керісінше. Адам болмысы қандай күрделі де күрмеулі?! Бұл қандай ауру сонда, Мінезді айтам? Жұқпалы ма, жоқ әлде жұрттағы ма? Екеуі де емес, бірақ, бар. Ауық-ауық қара көрсетіп қалып жүр. Көбінесе «көп білем» дейтін көнекөздерден. Адам баласы өсе келе өзін-өзі табудан бұрын танудан қала ма дейсің мұндайда. Бұл сонда, қалай, туабітті мінез бе, жоқ, адым сайын асқына түсетін әдеп пен әдеттің арасындағы айқас па? Өз басым біле алмай-ақ қойдым. Тәубе жас деген болады, әуре жас деген болады. Бұрын сен өзгеге сын көзбен қарасаң, бүгін саған сырт көз сынай, міней қарауы әбден мүмкін ғой. Солай емес пе? Бұл орайдағы өзгелерден гөрі маған өз қаламдастарымның көңіл ауаны, мінез-құлқы көбірек таныс. Ішкі итіс-тартыс пен сыртқы бей-берекетсіз бейдауа хал-ахуал, психологиялық қысым, қырсық кім-кімді де өз дінінен шығармай қоймайды. Әсіресе, бұл біздің бүгінгі шығармашылық иелеріне көбірек тиесілі тән мен жан «ауруы». Негізгі себеп: рухани игілік пен материалдық күйгіліктің қоса-қабат қыспаққа алуы. Оған «Әсіреұлылық» магия мен манияны қатар қосыңыз. Ол аз болса елге, жұртқа ауадай қажет-ау деген бүгінгі жыр-әніңіз бен ертеңгі мұраңыздың жоғарғы каста мен төменгі басқаға қадыр-қасиеті мен қажетінің болмай қалу қатері. Жүйкені қажытып, қараспанды басыңа төндіретін-ақ нәрсе емес пе?.. Ең жақсысын Хакім Абай бағзы-баяғыда-ақ айтып қойған: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпе далаға...». Санаға салуға да, ауызға алуға да әбден жарарлық әпсанауи әлем жауһары!.. – Басқа да өзіңізді толғандырып жүрген қандай өзекті мәселелер бар? Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз де жөн болар еді?.. – Сонау бозым бозбала кезден жарғақ құлаққа жарым-жартылай сіңіп қалған бір сөз бар еді: «Ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең, Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең»... Тікелей емес, жай отырғанда жанамалай естілетін осы сөз көбіне анамның аузынан шығатын. Ойынның ойкешуге ойысып қана қоймай, жүре келе ойқамаққа ұласқаны қиын ба, қызық па... әлі күнге аңғарар халде емен. Балалық па, балдәурен бе...ол шіркініңіз менде жоқ іспетті. Болса, еміс-еміс еске түсер ме еді... Бес-алты жасымда айқабақты айдынынан адасқан аққу сияқты әреңдеп сонау Самарқанның бір пұшпағынан әуелі Мырзашөлге, кейін Жетісай, Мақтаралға көшіп келіппіз. Мен ылғи айтамын: «...Балалығым мен әкем Өзбекстанда қалып қойған» деп. Жарым-жартылай жетім, жарым-жартылай жүрек... Немен бүтіндеуші едім? Әрине, өлеңмен, әнмен, әфсанамен... Бұл да бір Алланың өшпес, өлмес бір нығметі шығар да. Алладан алып, Абай айтпақшы, «қалың елім – қазағыма» беріп жатсам, одан артық қандай жұбаныш керек?! Ал, Қуанышым – ұл-қыздарым, немере-шөберелерім, туған-туысқандарым, дос-жараным... – Сұхбатымызды су жаңа бір өлеңіңізбен тұжырсақ?..