Күрес жаттықтырушысы балуандарды Азия чемпионатына жіберу үшін несие алған

Дереккөзден

СПОРТ
686

Грек-рим күресінен U20 құрамасының жаттықтырушысы Айдын Сарсекеев Азия чемпионатына бару үшін банкке 500 мың теңге несие рәсімдеп, өз есебінен Қырғызстанға аттанғанын мәлімдеді, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ. 

Бұл туралы «Спорттық орда» жазды.

Қазақстан құрамасының Қырғызстанда өтетін Азия біріншілігіне баруындағы қиындықтар туралы Айдын Сарсекеев Sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаты Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті. Бұл жарысқа қатысу шығындарын Олимпиадалық даярлық орталығы өз мойнына алуы керек еді. Алайда ұйым бюджеттің жетіспеушілігін алға тартып, бір балуанды құрамадан алып тастау туралы ұсыныс жасаған.

«Маған бүкіл командамен бармай, бір балуанды тізімнен алып тастау ұсынылды. Себебі орталықта барлық шығынды өтеуге жеткілікті қаражат болмаған. Бірақ бәрі жарысқа аттанып жатқанда, мен бір балуанды қиын жағдайда қалдырғым келмеді. Жаттықтырушы ретінде маған бөлінген қаражатты сол спортшыға беріп, команданың толық құрамда жарысқа қатысқанын қаладым. Сол себепті банктен 500 мың теңге несие алдым. Жалпы жолақы, тұру және тамақтануға 480 мың теңге жұмсалды. Қайтып келген соң, бұл шығындарды ұйымға көрсетіп, есеп бердім. Олар қаражатты қайтарамыз деп уәде берді», — деді Сарсекеев.

Сонымен қатар, Бішкекте өткен Азия чемпионатына қатысқан командаға спорттық форма да берілмеген. Балуандар марапаттау рәсімінде бір-бірінің формасын киюге мәжбүр болған.

«Форма берілмеді. Ол тамыз айында өтетін әлем чемпионатына дейін дайын болады дейді. Біз Азия чемпионатына барғанда, әркімнің өзінде бар киіммен кеттік. Бір сөзбен айтқанда, шеттетілгендей болдық», — дейді Айдын Сарсекеев.

Бұл жағдайға байланысты БАҚ Олимпиадалық даярлық орталығының басшысы Жандос Үшкемпіровке жүгінді. Алайда ол бұл жағдайдан бейхабар болып шықты.

«Форма берілді емес пе? Біз сізбен кейін тағы хабарласамыз», — деп қысқа жауап қайырды.

Кейін бұл жағдайға Олимпиадалық даярлық орталығы басшысының орынбасары Әділет Құсманов түсініктеме берді.

«Бішкекке Азия чемпионатына күрес командасы формасыз кетті. Бұған өз себептері бар. Бұрын әр түрлі жас санатындағы командаларға форманы бір ұйым тігетін. Бірақ ол іс соңына дейін жеткізілмей, форманы өзіміз тігуге қайта кірістік. Азия чемпионатына дейін үлгермедік, енді ол формалар тамызда өтетін әлем чемпионатына дайын болады. 17 және 23 жасқа дейінгі Азия чемпионаттарына Вьетнамда формалар берілген. Біздің басшымыз, бәлкім, сол формаларды меңзеген болар. Ал Айдын Сарсекеевке келсек, бұл жағдай онымен келісілген болатын. Біз спортшылар санын азайтуды сұрадық, ол өз орнын балуанға беріп, ерікті түрде несие алды. Барлық спортшыларды қаржыландыруға бюджет жеткіліксіз», — деді Құсманов.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы – Орталық Азиядағы ең жылдам өсіп жатқан туристік хаб, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.А...

ЖАҢАЛЫҚТАР

15 жастағы қызылордалық қызды 21 жастағы колледж студенті бірнеше рет зорлаған. Жәбірленуші жігітпен...