Зарина Толыбай бокстан әлем чемпионы атанып, тарихи жеңіске жетті

Фото: boxingkazakhstan

СПОРТ
138

Қазақстандық боксшы Зарина Толыбай Черногорияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы турнирдің финалында аса ауыр салмақ дәрежесінде ресейлік Самира Итониевамен кездесіп, төрешілердің 4:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

2026 жылғы 16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 69 елден 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасындағы 20 салмақ дәрежесінде чемпиондық атаққа таласты.

Зарина Толыбай финалға дейін де сенімді өнер көрсетті. Ширек финалда ол Тувалу өкілі Френцис Таафакіні екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Ал жартылай финалда түркиялық Мирей Догрудан 5:0 есебімен басым түсті. Шешуші кездесуде ресейлік Самира Итониеваны жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Зарина Толыбайдың бұл жеңісі – оның халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің бірі. 2026 жылдың шілдесінде қазақстандық боксшы Индонезияның Джакарта қаласында өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында да топ жарған. Осылайша, ол бір жылдың ішінде құрлықтық және әлемдік біріншіліктерде чемпион атанды. 

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы сегіз медаль иеленді. Оның ішінде бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлде бар.

Алтын медальді Зарина Толыбай жеңіп алды. Күміс жүлдегерлер қатарында Бибарыс Әшірбай, Алина Құдайгенова және Владислав Саможонов бар. Ал Мадира Жұмақан, Индира Қыдырмолдаева, Данияр Ақбисенов және Еркетаң Жарқынбек жарысты қола медальмен аяқтады.

Командалық есепте Ресей құрамасы бірінші орынға жайғасса, Өзбекстан екінші, АҚШ үшінші орын алды. Қазақстан құрамасы төртінші сатыға тұрақтады.