Қазақ отбасындағы жасырын абьюз

Сурет ашық дереккөзден алынды

СҰХБАТТАР
778

 Мadeniportal.kz редакциясы журналист Лаура Бекжігіт пен Ирина Кимнің зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер және одан қорғанудың жолдары жайлы сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Салтанат Нүкенова – 2023 жылы 9 қарашада күйеуі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапта. Əл-Бейне Зарипова – Алматыда күйеуі 10 жерінен пышақтап өлтірді. Айман Асанова – танымал заңгерді күйеуі асқан қатігездікпен азаптап өлтірді. Ажар Шодиева - ауыр соққыдан ес жимастан бақилық болды. Күйеуі Ажардың өлі денесін жақындарына бермей, үйінде ұстаған. Айнагүл Хайруллина – күйеуі бірнеше жерден өлімше етіп пышақтаған. Ол есін жимастан қылмыс болған жерде қансырап өлді. Жақында Атырауда бұрынғы күйеуі əйелін жұмыс орнында бауыздап кеткен. Бұл – аты шулы, БАҚ жарияланған оқиғалар. Ал біз білмейтін, ешкім жазбаған, ешкім естімеген қаншама əйелдің тағдыры үнсіз үзілді... 2025 жылдың жазында қазақтардың жүрегіне ауыр тиген, жан түршігерлік оқиға əлеуметтік желіде желдей есті. Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі аттың жалына байлап, бірнеше сағат бойы азаптап, екі жасар баласының көзінше қатігездікпен өмірін қиды.

Жазушы Дулат Исабеков «Жамандықтың өлетін жері - жақсылардың кеудесі» деген. Бүгінде ең ауыр трагедия – келесі «трендтің» тасасында қала берді. Демек, үнсіздік - зұлымдыққа жасалған жеңілдік. Сондықтан біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің жанын емдейтін психолог - Ирина Киммен кездестік. Жауыздығы бірінен-бірі асып түсетін оқиғалардың себеп-салдарын, шығу жолдарын сұрап білдік.

Ирина Ким: Сіздің осы мəселе бойынша маған қоңырау шалуыңыз кездейсоқтық емес. Мен осы сұқбатты күттім. Толқыдым. Дайындалдым. Себебі, абьюзивті қарым-қатынас – психологияға келуіме себепші болды. Жиырма жылдық тəжірибемде мен көрмеген қасірет - əйелдердің тəні мен жанының азабы емес, қоғамның үнсіздігі. Бұл мəселе құзырлы мекемелердің күн тəртібінен түспеуі тиіс. Өйткені абьюзер – анадан да, əкеден де қорықпайды. Ол тек – күштік құрылымнан қорқады. Сең сейілу үшін қоғамға Салтанат Нүкенованың оқиғасы қажет болды. Бір ғана əйелдің тағдыры, солқылдап тұрған іріннің аузын ашып берді. Алайда қатігездік Салтанатпен тоқтады ма?, жоқ! Одан да зоры шығып жатыр. Бұған да елдің еті үйреніп келеді. Сорақының көкесі – осы. Біреудің қасіреті бізге күнделікті жаңалыққа айналды. Ет үйренген сайын – жүрек семіп барады. Ал жүрегі өлген қоғамда – əділет те өмір сүре алмайды.

 Қай жылдары Алматыда іссапармен жүргенімде уақыт бөліп, тығырыққа тірелген əйелдерге қолдау көрсететін орталықтарға қоңырау шалдым. Əр жақтан ешкім тұтқа көтермеді. Сонда жаны мұрнының ұшына келген əйел кімнен көмек сұрауы тиіс? Ол не қоғамдық ұйымдардан, жедел əрекет ете алмаған полицейден, не жақындарынан қолдау таппаса, ажал құшпағаннан басқа амалы қалмайды.

Журналист: Өзімді Баласазда болған оқиғаға кінəлі сезіндім. Қолымнан ештеңе келмегеніне, үнсіз қалғаныма, «осылай өмір сүруге болады» деп өзімді сендіргеніме. Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыздың ертеңі не болмақ? Неге екенін білмеймін, іштей торықтым.

Ирина Ким: Біреудің қайғысына бей-жай қарамау – эмпатияның ең жоғары түрі. Кейде мұндай реакция абьюзивті қарым-қатынаста, я болмаса үздіксіз жанжалдарға куəгер болған адамдарда кездеседі. Елімізде ерінен, жақындарынан жəбір көрмеген əйел кемде-кем. Тіпті кейбірі уақыт өте келе жүрекке түскен жараны ұмытып кетеді. Ал ми ештеңені ұмытпайды. Мен ең күрделі ағзамен жұмыс істеймін. Психология – ғылым. Инстаграмда «бақыттың кілті - 10 курста» деген жарнама өріп жүр. Зорлықзомбылықты көріп өстім. Миымда қатталып, сіресіп қалған сұрқия оқиғалардан құтылып, аяғыма нық тұру үшін маған 9 жыл керек болды.

Журналист: Əйелін «өлім жазасына» кескен Айбар Жанболаттың психо-типін сипаттап бере аласыз ба?

Ирина Ким: Психиатрияда абьюзерлерге тəн нақты клиникалық диагноз қойылмайды. Ол – қоғам белсендісі, жоғары лауазымды атқаратын тұлға болуы мүмкін. Оған Карина Мамаштың оқиғасы куə. Олар сырт көзге өте қарапайым, тіпті мейірімді, беделді болып көрінеді. Бірақ іші қара түтін, пасық болып келеді. Мұндай адамдар көп жағдайда өз əрекетін ақтап алуға бейім: «мен оны тəрбиеледім, жөнге салдым, менсіз ол кім болар еді» сынды сылтауларға жүгінеді. Бір адам екіншісін жүйелі түрде қорқытып, бағындырып, өзіне тəуелді етеді. Жəбірленуші мұндай қарым-қатынастан ұзақ уақыт шыға алмай, психологиялық тұзаққа түседі. Бұл – зорлықтың ең күрделі, жасырын түрі. Осындай түйінді тарқатуға Каринаның ерік-жігері жетті. Алайда толық қалыпқа келу үшін оған өзімен əлі көп жұмыс істеу керек.

Журналист: Абьюзердің торына түсіп қалмау үшін не істеу керек?

Ирина Ким: Алдымен балаға дауыс көтеріп сөйлеуге, қаламмен түртуге, көтенінен ұруға болмайды! Өзіне тəуелді адамға іс-əрекет түгілі, сөзбен қиянат жасалмауы тиіс. Ұрыс-керіс, төбелесті көріп өскен бала, өскенде өзіне дəл сондай ортаны іздеп тауып алады. Қазақтың салт-дəстүрі - адамзатқа ортақ құндылықтарға құралған. Алайда маған келетін əйелдердің көбісі салтты жамылып, заң соғатын ене, қайын апа, қайын сіңлі, абысындардан моральдық қысым көргендер. Көп жағдайда абьюзердің артында əйел, демек ана тұрады. Сондықтан бұл өте күрделі, көп ұшты мəселе.

Журналист: Қоғамда “өзіңді жақсы көру” деген ұғым өте өзекті. Бұл түсінік кейде эгоизм, инфантилизммен үндесіп кететін сияқты.

Ирина Ким: Бұл күйге жету үшін - яғни өзіңді шынайы жақсы көріп, бағалап, тіпті түсіну үшін үлкен еңбек керек. Бұл əркімнің уысына түсе бермейтін ішкі еркіндік. Мен əуелі əйелдерге өздеріңізді сыйлап үйреніңіздерші деп, жалынамын.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...

ЖАҢАЛЫҚТАР

IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан спортшыларды марапаттайды, деп хабарлайды MadeniPo...